Ел өміріндегі саяси реформалар – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі кезеңде қоғам сұранысына сай мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік институттарын жаңғырту және халықтың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейту көптеген мемлекеттер үшін басты міндетке айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, 1 шілдеден бастап күшіне енетін Жаңа Конституция елдің саяси құрылымына елеулі өзгерістер енгізіп, қоғамдық-саяси дамудың жаңа кезеңін бастап бермек.
Жаңа Конституция аясында екі палаталы Парламенттің таратылып, оның орнына Құрылтай институтының құрылуы – елдің саяси жүйесіндегі ең маңызды реформалардың бірі ретінде бағалануда. Тамыз айында өз жұмысын бастайды деп күтіліп отырған Құрылтай құрамына халық сеніміне ие болған партия өкілдерінің келуі саяси бәсекелестікті арттырып, қоғамдық пікірдің мемлекет басқару ісінде кеңінен ескерілуіне мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер ең алдымен билік пен қоғам арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған. Бұған дейінгі жүйеде заң шығару қызметі екі палаталы Парламент арқылы жүзеге асырылып келсе, жаңа форматтағы Құрылтай халық мүддесін кеңірек қамтитын саяси алаңға айналуы мүмкін. Яғни, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың, саяси күштердің және азаматтық бастамалардың ортақ мүдде төңірегінде тоғысуына жол ашылады.
Жалпы әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, көптеген мемлекеттер уақыт талабына сай саяси институттарын реформалап отырады. Өйткені қоғам дамыған сайын мемлекеттік басқару тетіктері де жаңғыруы қажет. Әсіресе соңғы жылдары әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуі, экономикалық тұрақсыздық пен жаһандық өзгерістер мемлекеттердің ішкі саяси жүйесіне де жаңа талаптар қоюда. Сондықтан елдегі конституциялық реформаларды заман талабынан туындаған қажеттілік ретінде қарастыруға болады.
Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды тұсы – саяси жауапкершілікті күшейту мәселесі. Құрылтай құрамына тек сайлауда жеңіске жеткен партия өкілдерінің келуі партиялардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі. Бұл өз кезегінде саяси ұйымдардың нақты бағдарламамен жұмыс істеуіне, халықтың сеніміне ие болу үшін белсенді әрекет етуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар жаңа саяси модель елдегі демократиялық үдерістердің дамуына серпін беруі мүмкін. Өйткені реформалардың түпкі мақсаты – қоғам пікірін ескеретін, ашық әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Бұл бағытта азаматтардың саяси белсенділігі де артып, ел тағдырына қатысты шешімдерге қатысу мүмкіндігі кеңейе түседі.
Әрине, кез келген саяси өзгерістің тиімділігі уақытпен өлшенеді. Жаңа Конституция аясындағы реформалардың нәтижесі де алдағы кезеңде айқындала түспек. Дегенмен қазіргі бастамалардың өзі елдің саяси жаңғыруға бет алғанын көрсетеді. Мемлекеттік институттарды заман талабына бейімдеу, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайту және тиімді басқару жүйесін қалыптастыру – бүгінгі реформалардың басты мақсаты.
Қалай болғанда да, Жаңа Конституция ел тарихындағы маңызды бетбұрыстардың бірі ретінде бағаланары анық. Бұл өзгерістер мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, саяси жүйенің жаңаруына ықпал етпек. Ең бастысы, қолға алынған реформалар елдің тұрақты дамуы мен қоғамның бірлігін сақтай отырып жүзеге асса, оның нәтижесі де жемісті болары сөзсіз.
Молот СОЛТАНАЕВ










