Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өткен бейсенбі, жұма күндері жазиралы Жаркент өңіріне арнайы іссапармен келіп, алғашқы күні өңірдегі экономикалық және әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралап көрді. Аймақ экономикасының арынды бастауы іспетті Қорғас шекарасындағы қарымды қарекеттердің ырғағын көзбен көріп, көңіл көншіткен облыс басшысы мұндағы жұмысты бұрынғыдан да қарқынды етудің жолдарын түйіндеді.
Қорғас қақпасындағы қарқынды жұмыстар
Алдымен Қорғас ауылына жол тартқан Бейбіт Өксікбайұлы елді мекен іргесіндегі әскери қалашықтың құрылыс жұмыстарымен танысты. Қас қақпас қырағылықпен ел шебін күзеткен шекарашылардың жағдайын заман талабына сай жақсартудың мүмкіндіктерін бағамдады.
Облыс экономикасына күн сайын миллиондаған қаржы әкелетін «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығындағы нысандарды аралап, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы темірден құрылыс материалдарын шығаратын «Standart Steel», шай, кофе өнімдерін өндіретін «Empire Manufacturing» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің нарықтағы сұранысы жоғары өтімді өнімдерін көріп, көңіл тояттатты. Сонымен қатар «Нұр жолы» өткізу пунктінің қызметімен және ірі габаритті жүк көліктеріне арналған айналма жол құрылысы жұмыстарымен танысты.
Тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Екінші күні таңертең Жаркент қаласының Головацкий шағын ауданындағы мәдениет үйінде алдымен өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға алдын ала тілек білдіргендер облыс басшысына өздерін мазалаған мәселелерін жеткізді.
Қабылдауға келген жергілікті тұрғындар Жұмағазы Бейсебаев пен Зағира Бекмұхаева Ынтымақ ауылының кіреберіс жолын жөндеу және Жаркент қаласындағы Белалов көшесіндегі көппәтерлі №85 үйдің жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізу, тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселелеріне байланысты қиындықтарды облыс басшысының назарына ұсынды.
Көтеріліп отырған мәселелердің мән-жайын өзімен бірге келген облыстағы сала мамандарынан сұрап анықтаған облыс басшысы Ынтымақ ауылының кіреберіс 3,28 шақырым жолы жыл соңына дейін жөнделетінін, ал аудан орталығындағы көппәтерлі 31 үйге модульді қазандықтар арқылы жылу берілгенін, тағы 11 көпқабатты тұрғын үйге осындай қазандықтар арқылы жылу беру үшін жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып жатқанын жеткізді. Қала тұрғынының өтініші назарға алынып, кезегі келгенде жүзеге асырылатынын түсіндірді.
Әлеуметтік-экономикалық даму жан-жақты сараланды
Халықпен кездесудің ресми бөлігіндегі жиынды Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева кіріспе сөз сөйлеп ашып, алдымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев есепті баяндама жасайтынын, сонымен қатар аудан әкімі Марат Сағымбектің де баяндамасы тыңдалатынын жариялады.
Бейбіт Өксікбайұлы баяндамасында жергілікті мәселелерге де кеңінен тоқталды. Әсіресе аграрлы өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің динамикалық даму жетістіктерін және оның болашағына деген сенімін жүйелеп айтып өтті.
– Алдымен облыста атқарылып жатқан шараларға тоқталып, алдағы мақсат-міндеттер жөнінде ақпарат беремін. Ауданда жүзеге асқан жұмыстар, алдағы іс-шаралар жоспары бойынша аудан әкімі есеп береді, – деп бастаған баяндамасын Бейбіт Өксікбайұлы аймақта жүзеге асқан бірқатар әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді жіліктеп жеткізді.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста нысаналы индикаторларға толық қол жеткізілді. Бұл – баршамыздың ортақ жетістігіміз. Осы орайда облыс тұрғындарына, оның ішінде Панфилов ауданының халқына ризашылығымды білдіремін.
Облыс құрылғанда меншікті кірістер 76 миллиард теңге болса, биыл кірістер екі есеге өсіп, 146 миллиард теңге көлемінде жоспарланды. Бұл осы жылдар аралығында жаңа кәсіпорындардың ашылуы, қызмет көрсету саласының дамуы, жұмыс орындарының құрылуының нәтижесі.
Облыстық бюджетіміздің жартысынан астамы, яғни 52 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып келеді. Барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалуда. Өткен жылы облыстың даму жоспары орындалып, барлық межелі көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға былтыр 64 миллиард теңге бағытталды. Оның ішінде субсидияға – 24 млрд теңге, жеңілдетілген несиеге – 28 млрд теңге, лизингке техника сатып алуға 12 млрд теңге бөлінді.
Өткен жылы егін шаруашылығында 1,8 миллион тонна өнім жиналды. Мал басы 2,3 миллионға жетіп, 2024 жылғы деңгейден 2 пайыз өсті. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің көлемі 483,2 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде Панфилов ауданының үлесі 62,6 миллиард теңге немесе 13 пайыз болды. 2025–2027 жылдары облыстың агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 94 миллиард теңгеге 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Ирригация, жер және инфрақұрылым мәселелері
Бейбіт Исабаев Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне жан-жақты тоқталып, Панфилов ауданының инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларын нақтылап айтып, жергілікті билік жедел қолға алатын жекелеген мәселелерді де атап өтті.
– Ирригациялық желілерді қалпына келтіру бойынша биыл облыста жалпы құны 47 миллиард теңге болатын 9 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 3,2 мың гектар жаңа суармалы алқап айналымға енгізіліп, 34,3 мың гектар егін алқаптары толық сумен қамтамасыз етіледі.
Облыстың Ақсу, Қаратал, Көксу аудандары және Талдықорған қаласында ирригациялық желілерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ендігі кезекте облыстағы ірі су пайдаланушылардың бірі – Панфилов ауданы қалды. Ауданның суару жүйелерін реконструкциялау үшін 2017 жылы Алматы облысы кезінде құжаттары әзірленгенімен, жоба іске асырылмаған. Қазіргі уақытта аталған жобаны Жетісу облысының теңгеріміне алып, жобаға түзету жұмыстары жүргізілетін болады.

Сондай-ақ Панфилов ауданында құрылысы жоспарланған Қорғас, Тышқан су қоймаларының техникалық-экономикалық негіздемелері дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Үсек су қоймасының құжаттары маусым айында алынады. Ендігі кезекте осы жобаларға қаражат бөлу үшін Су ресурстары министрлігіне өтінім беріледі.
Облыс бойынша 2022 – 2025 жылдары 1 миллион 319 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері пайдаланылмай жатқаны анықталып, оның 712 мың гектары қайта пайдалануға берілді, 607 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлердің 584 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылды. Қалған 23 мың гектар жер жоспарға сәйкес осы жылдың бірінші жартыжылдығында толық айналымға енгізіледі.
Панфилов ауданы бойынша соңғы төрт жылда 60,3 мың гектар жер қайтарылды. Оның 58,2 мың гектары қайта айналымға тартылды. Қалған 2,1 мың гектар айналымға енгізілмей жатыр.
– Осы орайда бос тұрған жерді шаруа қожалықтарымен айналысатын азаматтарға конкурс арқылы шілде айына дейін беруді тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Инвестиция мен өнеркәсіп өрісі
Өткен жылы облыста өнеркәсіп көлемі 417,4 миллиард теңгені құрап, ондағы Панфилов ауданының үлесі 35,3 миллиард теңге болды. 2023 – 2025 жылдар аралығында 100 миллиард теңгеге 29 жаңа өндіріс іске қосылып, қолданыстағы 7 кәсіпорын кеңейтілді. Нәтижесінде 1841 жұмыс орны ашылды.
Биылғы жылы кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын арттыру арқылы өнеркәсіп өнімінің көлемін 460 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Өткен жылы облысқа 611 миллиард теңге инвестиция тартылса, биылғы жылы 677 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Оның 485,7 миллиард теңгесі бюджеттен тыс инвестицияларды қамтымақ.
Жалпы құны 129 миллиард теңгеге 43 жобаны іске асыру көзделген. Оның 24-і Панфилов ауданында.
Экономикалық өсу мен инвестиция тартудың негізгі нүктесі – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 658 миллиард теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 4300 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні 40 жоба іске қосылған.
Қазіргі уақытта «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағында жалпы инвестиция көлемі 189 миллиард теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардан жергілікті халыққа 3800 жаңа жұмыс орны ұсынылады. Оның 8 жобасы толық іске қосылған.
Алайда арнайы экономикалық аймаққа инвестициялық жобаларды тарту жұмыстары бұдан да қарқынды жүргізілуі керек екенін айтқан облыс әкімі аудан басшылығына бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Электр, жол, ауыз су және газ мәселелері
Қорғас торабында электр қуатын пайдалану күрт өскендіктен, бүгінде ауданда электр қуатын тұтыну көлемі жылына 8 – 10 пайыз өсуде. Бұл облыс бойынша орташа көрсеткіштен екі есе жоғары.
Тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында Талдықорғаннан Жаркент қаласына дейінгі аралықта жоғары кернеулі жаңа электр жүйесін тарту жұмыстары басталды. Жоба келесі жылы аяқталады.
Жол жөндеу мәселесіне арнайы тоқталған аймақ басшысы облыстағы республикалық маңызы бар жолдар түгел жөнделіп болғанын жеткізді.
Жалпы ұзындығы 313 шақырымды құрайтын Талдықорған – Үшарал және 184 шақырымдық Үшарал – Достық жолдары пайдалануға берілді. Былтыр жалпы ұзындығы 248 шақырым болатын Сарыөзек – Көктал – Қорғас жолы жаңғыртылды.
2025 жылдан бастап Алматы – Талдықорған жолының 21 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілуде. Биыл аяқталмақ.
Сонымен қатар биыл 40 шақырымдық Талдықорған – Үштөбе автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған. Нәтижесінде облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96 пайызға жетеді.
Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың жағдайын жақсартқаннан кейін ендігі кезекте жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге көңіл бөлінбек. Оған биыл 47,5 миллиард теңге қарастырылған.
Облыс халқының 93 пайызы, яғни 329 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Былтыр 4 елді мекен орталықтандырылған ауыз суға қосылды. Олар – Алакөл ауданындағы Қоңыр, Қаратал өңіріндегі Ұмтыл, Ақсудағы Қопалы және Панфилов ауданындағы Жиделі ауылдары.
Газдандыру жұмыстары қарқын алған
Облыс құрылғанға дейін небәрі 5 елді мекен немесе облыс халқының 27 пайызы ғана табиғи газға қол жеткізген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2023 – 2025 жылдары газдандыру деңгейі 67 пайызға жетіп, қазір 467 мың адам көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Бүгінгі таңда Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі 110 елді мекен газдандырылды. Қалған 16 елді мекенді газдандыру жұмыстары биыл аяқталады.
Сонымен қатар өткен жылы «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталып, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 88 миллиард теңге болатын жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді.
Биыл осы аудандардың елді мекендеріне газ тарту жұмыстары басталады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2028 жылы облыста 210 елді мекенге газ тартылып, көгілдір отынға 652 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 93,8 пайызы қол жеткізе алады.
Соңғы жылдары өңірде табиғи газға деген сұраныс қарқынды өсіп келеді. Осыған байланысты «Алматы – Талдықорған» магистральды газ құбырының өткізу қабілетін арттыру – уақыт талабы.
Осы орайда Алматы облысының Қазбек бек бекетінен Сарыөзекке дейін магистральды газ құбырының екінші желісін салуға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Маусым айында мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шығады.
Өткен жылы Панфилов ауданының Ақкент, Нәдек, Ават, Сұптай, Қырыққұдық, Ынтымақ ауылдарына газ тартылғанымен, тұрғындардың 18 пайызы ғана үйлерін табиғи газға қосқан.
Осы тұста аймақ басшысы жауапты мамандар мен аудан әкіміне халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Туризм мен әлеуметтік саланы дамыту бағыттары
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылы 444 миллиард теңгеге жетіп, 10 пайыз өскен. Оның ішінде Панфилов ауданы бойынша 62 миллиард теңгені құрайды.
Өткен жылы облыста 3807 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, биыл да 3 мыңнан астам отбасы баспаналы болмақ.
– Облыста туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, – деген әкім бұл саланың өңір экономикасын дамыту мен инфрақұрылымды жетілдірудегі маңызына тоқталды.
2023 – 2025 жылдары бұл салаға мемлекеттік бюджеттен 58,5 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде өткен жылы 30,2 миллиард теңге қарастырылса, биыл 30,4 миллиард теңге бөлініп отыр.
Жыл сайын өңірге 2 миллионнан астам саяхаттаушы келеді. Осыған байланысты облыста дербес Туризм басқармасы мен 5 ауданда туризм бөлімдері ашылған. Оның бірі – Панфилов ауданында.
Облыс әкімі аудан басшылығына отандық, шет елдік саяхатшыларды қызықтыратын «Жаркент мешіті», Әулиеағаш, «Керімағаш» пен «Жаркент-Арасан» сияқты тарихи және табиғи нысандарды туризм индустриясының дамуына тиімді пайдалану қажеттігін айтты.
Ел тілегі ескерілуі тиіс
Басқосу барысында облыс әкімі аудандағы өзекті мәселелерге тоқталып, тұралап тұрған салаларды жандандыру үшін қандай шаралар атқарылуы керектігін атап айтып, аудан әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.
– Аудан Қытаймен шекаралас аймақта орналасып, инвестициялық тұрғыдан аса тартымды өңір бола тұра, өнеркәсіптегі өндіріс көлемі жағынан облыстағы үлесі бар-жоғы 9 пайызды құрайды. Аудан басшылығына өңдеу саласын дамытуға ерекше көңіл бөлуді тапсырамын.
Өңірде мал бордақылау алаңдарын, тауарлы сүт фермаларын, құс фабрикаларын, ет комбинаттарын салу, мал өнімдері мен жеміс-жидекті терең өңдеу бағыттары бойынша инвесторлар тартып, өзімізде өндірілетін жергілікті өнімдерді толықтай өңдеу қажет. Ауданның климаты жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы. Сондықтан жеміс-жидек қоймаларын салу жұмыстарын қолға алу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын, – деген Бейбіт Исабаев аудан әкіміне негізгі атқарылатын жұмыстарды қадап айтты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілетін жеңілдетілген несиелер шағын және орта бизнес өкілдеріне ұсынылуда. Алайда кооперативтер ашу жұмысы ақсап отыр. Заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Бұдан кейін облыс әкімі әлеуметтік саладағы атқарылған бірқатар жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. Үш жыл ішінде облыста жаңадан салынатын немесе жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандарды жаңарту деңгейі орта есеппен 55,8 пайызды құрап, 276 нысан жаңартылған. Оның ішінде білім беру саласында – 41 мектеп, денсаулық сақтау саласында – 162 нысан, мәдениет саласында – 34 нысан, спорт саласында – 39 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, бірқатары жаңадан салынып, пайдалануға берілген.
Қайтарылған активтер қаражаты есебінен облыста 2023-2025 жылдары 25 нысан салынды. Оның ішінде білім беру саласында 5 мектеп, денсаулық сақтау саласында 18 нысан, сумен жабдықтау бойынша 2 нысан ел игілігіне берілген.
«Қайтқан малда қайыр бар» демекші, биыл тағы 9 нысан – 3 мектеп, 3 денсаулық сақтау нысаны, 2 сумен жабдықтау және су бұру нысаны салынып, пайдалануға ұсынылды. Осы қаражат есебінен Жаркент қаласындағы перзентхана ғимаратын қалпына келтіруге биыл 8,4 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жоба келесі жылы аяқталады.
«Қазақстан Халқына» қоры есебінен биылғы жылы Талдықорған қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені мен Қаратал ауданының Үштөбе қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Бұдан бөлек, облыста халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, жәрдемақыларды арттыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.
Төлемдердің 25 түрі бойынша әлеуметтік қолдауға жұмсалатын шығыстардың жалпы көлемі 20 миллиард теңгені құрап отыр. Биылғы жылы еңбек нарығын дамытуға 8,9 миллиард теңге, әлеуметтік көмекке 10 миллиард теңге қарастырылды. Бастауыш сыныптарда білім алатын 41 мыңнан астам оқушыны және аз қамтылған отбасылардағы 25,7 мың баланы ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен 4 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылады.
Денсаулық сақтау саласында медициналық кадр тапшылығын азайту мақсатында ауылдық жерлерге жұмысқа келген дәрігерлерге 10 миллион теңгеге дейін, ал қалаға келген мамандарға 5 миллион теңгеге дейін әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Биыл 65 адамға 680 миллион теңге бөлінді.
Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 2026 жылы 520 маманға 225 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төлеу және 217 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 2 миллиард теңге бюджеттік несие беру жоспарлануда. Бұдан басқа, жергілікті бюджеттен орфандық аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 2,7 миллиард теңге қарастырылды.
– Біз күнделікті әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан материалдарға мониторинг жасап, бақылап отырамыз. Олардың негізгі бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, санитарлық жағдай және аумақты абаттандыру мәселелерімен байланысты.
Солардың бірнешеуіне тоқталсам, Жаркент қаласындағы Орталық және «Өркен» саябақтарының жай-күйі, стихиялық қоқыс үйінділері, көшелердің санитарлық жағдайы, бағдаршамдардың жұмыс істемеуі, қоғамдық көлік мәселелері, медициналық көмектің сапасы мен медицина қызметкерлерінің жұмысына қатысты шағымдар бар. Кейбір ауылдарда интернет тұрақты жұмыс істемейді. Аудан халқы барлық қаражат Жаркент қаласының дамуына жұмсалады деп шағымдануда. Шалғай ауылдарда да облыстың халқы тұрады. Оларға да тиісті деңгейде көңіл бөлу қажет, – деген облыс әкімі аудан басшысына әлеуметтік желілерде жарияланған мәселелерге уақытылы мән беріп, оны қысқа мерзімде шешу жолдарын қарастыруды жүктеді.
Аудан әкімі өңірдің даму жоспарларын таныстырды
Облыс әкімінің баяндамасынан кейін аудан әкімі Марат Сағымбек өңірде жүзеге асқан және алда атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Аудан халқының негізгі тіршілігі ауыл шаруашылығы өндірісімен тығыз байланысты. Қазір өңірде көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр.

Аудан әкімінің баяндауынша, өткен жылы өңірде 23 мың гектардан астам алқапқа жүгері өсіріліп, күзде 182 мың тонна өнім жиналған. Биыл жүгері егісінің көлемі 25 мың гектардан асып отыр.
– Егіс алқаптары өткен жылғыдан кемітілмей, 43,7 мың гектар жерге егілді. Оның ішінде жүгері – 25,1 мың гектар, майлы дақылдар – 384,3 гектар, бау-бақша – 1,4 мың гектар, көпжылдық шөп 16,5 мың гектар алқаптарға орналастырылды. «Жаркент фрукт» серіктестігі 55 мың жеміс көшетін егіп, 500 гектар бау-бақты жаңартты, – деді аудан әкімі.
Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бағдарлама арқылы жыл соңына дейін 1,1 миллиард теңгеге 64 жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар 9 кооператив құрылды.
Өнеркәсіп пен кәсіпкерлікке серпін
Жазиралы Жаркент өңірі өнеркәсіпті өркендетуге өте қолайлы. Аудан әкімі бұл салаға да кеңінен тоқталды.
Өнеркәсіп саласында өндірілетін өнім көлемін жыл соңына дейін 112 пайыз өсіммен 39,5 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Биылғы жылы бұл салада жаңа 6 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл өз кезегінде 295 жаңа жұмыс орнын ашуға және 14,7 миллиард теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Аудан халқы шағын және орта кәсіпкерлікке бейім. Өңірде 12 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оларда 20 622 адам жұмыспен қамтылған.
Биылғы жылы 48 шағын және орта бизнес нысаны, 6 балабақша, 12 сауда орны, 4 дәріхана, 2 қонақүй, 6 қоғамдық тамақтандыру орны, 2 заманауи жанармай құю станциясы ашылған.
Кәсіпкерлерден аудандық бюджетке былтыр 6,3 миллиард теңге салық түсіп, жалпы түсімнің 34,3 пайызын құраған.
Ауданда атқарылған пайдалы істер қомақты, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар да ауқымды. Мұны өңір басшыларының баяндамаларынан анық аңғардық.
Жиын соңында кездесуге келген аудан тұрғындары облыс басшысына көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
ОРЫНДАЛҒАН ҰСЫНЫС-ТІЛЕКТЕР
Облыс әкімінің баспасөз қызметі өткен жылы тұрғындармен болған кездесулер барысында көтерілген бірқатар өзекті мәселенің кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанын хабарлады.
Сарыбел ауылы тұрғындарының атынан Серік Бейсенбиев көтерген ауыз су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның жалпы құны – 784,9 миллион теңге. Бұл бастама энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар Жаркент қаласының тұрғыны Әсел Есіркеева көтерген Жібек жолы даңғылы бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары басталған. Жобаға 776,9 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары биылғы шілде айында аяқталады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Көктал ауылының тұрғыны Сайлау Солтанқұлов көтерген Көктал және Ақжазық ауылдарындағы Ләззат Асанова атындағы көшелерді жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Асфальт төсеу жұмыстары маусым айында толық аяқталады.
Бүгінде Ақжазық ауылындағы көшенің жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Ал Көктал ауылындағы көшенің жөндеу жұмыстарын осы жылдың маусым айында толық аяқтау жоспарланып отыр.
Ақжазық ауылындағы 2,2 шақырым Асанова – Жайлаубаев көшесінің және Көктал ауылындағы 2,5 шақырым Асанова көшесінің жөндеу жұмыстарын «AIK жол құрылысы» ЖШС атқаруда.
Жаркент қаласы Жібек жолы даңғылы бойында орналасқан 1985–1993 жылдары салынған 12 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған сметалық құжаттама әзірленген. Жобаның жалпы құны – 749 миллион теңге.
Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, жеңімпаз мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалған. Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларын ауыстыру және қасбеттерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтау мерзімі – ағымдағы жылдың шілде айы.
Аталған тұрғын үйлерде бұған дейін мұндай көлемде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.











