«Жаркент-Арасан» шипажай-курорттық кешенінің базасында жаңа емдеу орталығы пайдалануға берілді. Ауданы 3 300 шаршы метрді құрайтын қосымша ғимарат демалыс орнының сыйымдылығын арттырып, медициналық қызметтер аясын кеңейтті, деп хабарлайды Vestnik19.kz.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Зәкіржан Күзиев, Амангелді Төләмісов, сондай-ақ қоғам өкілдері мен қонақтар қатысты. Рәсім барысында нысанның лентасы қиылып, қатысушылар орталықтың инфрақұрылымымен және емдеу бағыттарымен танысты.
Жаңа ғимаратта заманауи талаптарға сай жабдықталған 50 жоғары жайлылықтағы орын қарастырылған. Бүгінгі таңда кешенде 250-ден астам адам еңбек етсе, жаңа корпустың іске қосылуы тағы 50 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Енді мекеме бір мезгілде 400-ден астам келушіні қабылдай алады.
Жоба кәсіпкер Серік Мұқашұлы мен оның жұбайы Гүлнар Қазбекқызының қолдауымен жүзеге асты. Орталықтың ашылуы арқасында халықтың санаторлық ем алу мүмкіндігі едәуір артты. Емделушілер көрсетілетін сервис сапасы мен қолайлы жағдайларға жоғары баға беруде.
Орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған және медициналық қызметтің 20-дан астам түрін ұсынады. Барлық бөлмелер жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына сай, ал таулы аймақта орналасуы сауықтыру процесінің тиімділігін арттыра түспек.










