Жаркент өңірінде соңғы жылдары төрт түлік саны еселеп өсті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 284 мыңнан астам қой-ешкі, 89 мыңнан астам ірі қара, 25 мыңнан астам жылқы және 350 түйе жайлауда емін-еркін жайылуда. Биылғы жаз маусымындағы құрғақшылық аудан шаруаларын алаңдатып отыр. Алдағы мал қыстату науқанына тыңғылықты дайындық қажет. «Қамданған қапы қалмайды» демекші, мал қыстату науқанына әзірден бел шешпей кіріскен абзал.
Сондықтан осынша малды алдағы қыс маусымынан жемшөптен тарықтырмай шығару үшін 85380 тонна шөп, 23600 тонна жоңышқа, 28 мың тоннадан астам сүрлем, 28900 тонна сабан, 12900 тонна пішендеме және 39600 тонна жүгері жемін дайындау шарт.
Өңірде мал қыстату мен көктемгі сақпан науқанына жемшөп әзірлеу жұмыстары қызу қарқын алған. Ауданда жалпы 5822 гектар шабындық жер бар. Осы шабындықтардан бүгінгі күнге 3 мың тоннаға жуық шөп дайындалды. Мал азығын дайындау науқанында аудан бойынша 118 шөп тайлайтын және 109 шөп шабатын техника шабындықтарда тоқтаусыз жұмыс істеуде.
Бұдан тыс күзде жүгері алқаптарынан 28,3 мың тонна сүрлем бастырылмақ. Сонымен қатар 39,6 мың тонна жүгері жемі әзірленеді. Жыл сайын шаруалар жаз маусымында әзірлеген жемшөбінің 80 пайызын қыстау маңына тасып алады.
Қазір ауданда мал қоралары мен малшы үйлерін жөндеп, қыс маусымына дайындау жұмыстары да қолға алынған. Өңірде жалпы мал қыстайтын 470-тен астам қыстау бар. Түйіндеп айтсақ, жазиралы Жаркент өңірінде қыс маусымына жемшөп қорын әзірлеу мен қыстауларды дайындау жұмыстары жауапкершілікпен атқарылуда.










