Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауында жаңа мемлекетті құру мақсатында жүргізілетін саяси реформалардың ауқымдылығын атап өткен болатын. Осы жөнінде «Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті» деп атап өткен-ді.
Қазақ елі жеке мемлекет мәртебесін алып, дербес экономикалық реформа жүргізді деген 30 жыл ішіндегі жетістігіміз көз қуантарлық, көңіл жұбантарлық емес. Ендігі кезектегі басталатын әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қарапайым халықтың тұрмысын, әл-ауқатын, әлеуетін көтеруге жұмылдырылуы тиіс. Халық сұранысынан туындайтын қоғамдық өмірдің барлық саласына өзгерістер енгізу, мемлекетті тұрақты дамыту саяси өзгерістерсіз мүмкін еместігін өткен уақиғалар толқыны көрсетіп берді.
Қазақстан халқының негізгі бөлігі ауылдық жерде тұратындықтан, яғни ауыл шаруашылығы шикізатын және тұтынуға дайын азық-түлік өндірумен айналысатындығы белгілі. Дағдарыс қаншама қыспаққа алса да алдындағы малы мен үлеске алған егіндік жеріне сүйенген халық төзімділікпен еңбек етіп, өз күштеріне сеніп қиындыққа төзе білуде. Жаһандық жедел даму кезіндегі барлық елдердің алдынан шығатын шешуі қиын мәселенің дені жұртты жайлаған жұмыссыздық. Ауыл халқы ауылшаруашылығы жұмыстарына бейімделе жүріп жұмыссыздықтың азаюына айтарлықтай үлес қосты.
Өткен апта Президенттің халыққа Жолдауынан кейінгі өзгерістерге толы апта болды. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы бүкілхалықтық референдум жоғары деңгейде өткендігін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған үндеуінде айтып өтті. Жаңару жөніндегі Жолдаудағы 8 бастамадағы «Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру» жөніндегі, яғни Алматы облысын бөлу жөніндегі ойы жүзеге асырылды. Бұл да айтылған сөз бен атқарылған істің бірлігін көрсетеді. Облыс екіге бөлініп, бұрынғы территорияларына иелік ететін қалыпқа түсті.
Атауы тарихи жер есімін иеленген Жетісу облысына 2 қала, 8 аудан, 352 елді мекен қарайтын болды. Депутаттар корпусы да бөлініп, Жетісу облысының он тоғыз халық қалаулысы жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғайтын болды. Жазиралы Жаркент әкімшілік шекара бөлінісінде Жетісу облысында қалып, атқарушы билік ұйымдары да қалыптасты. Жаңадан тағайындалған облыс әкімі де өз қызметіне құлшына кірісті.
Жоғарыдағы облысты бөлу жөніндегі ұйымдастыру жұмыстары аяқталғанымен көптен бері көңілдерді күпті етіп келген сұрақтардың азаймағаны белгілі. Бұрыннан шешуін таппай түйткілді, қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелер легі әлі де қолға алынған жоқ, облыс бөлінсе қалай болады екен деген жұртшылықтың ойында алаңдаушылықта да бар. Облыс бөлінген кезде ірі өнеркәсіп орындары шоғырланған аудандардың біразы Алматы облысында қалды. Өнеркәсіп орындары мен шикізат өңдеу жұмыстары қаланың ішіне және қала агломерациясына кіретін мекендерде атқарылатыны түсінікті. Бұл жағынан Алматы қаласы маңындағы аудандардың маңызы артып алға шығып тұр. Өндіріс орны тұтынушыға, яғни рынокқа неғұрлым жақын болса өндірілген өнім сапасын жоғалтпайды әрі жылдам жеткізіліп тез өтеді. Пайда да шаш етектен. Облыс бөлінгеннен кейін өндіріс орындары жоқтың қасы, аздаған өндірілген өнімдерін өткізуде тұтынушысы шағын аудандар нарықтық экономиканың қыспағына шыдас бере ала ма, онда қайтпек керек? Ауылдық жерлерде тұратын халықтың тұрмысын жақсарту жұмыстарын қалай жандандыру керек, ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартатын қай саланы, оны қалай жүргізу керектігі әлі жүйелі жоспарланып шешілетін іс болып алда тұр.
Жетісу жерінің жерұйығы атанған, облыс орталығынан 282 шақырым жерге орналасқан Жаркент аймағының даму болашағы, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмыс жағдайын жақсарту жолында қандай жоспарлар болатыны да салмақты сауалдар қатарында. Үстіміздегі жылдың наурыз айының ортасынан бастап жергілікті ауыл тұрғындарымен кездесуінде аудан әкімінің алдынан бұрынғы басшылықтың тұсындағы орындалмаған уәделер, осы кезге дейін жауабы берілмеген, аяқталмаған қыруар сұраулар көлденең шықты. Бұл мәселелерді түпкілікті, тиянақты шешу үшін де орасан қаржы көздері керек. Әйтсе де Жетісу облысы аудандарының ішінде климаттық жағдайы бөлек, табиғаты бай, әрі ерекшелеу Жаркент экономикалық дамуы жағынан лайықты орын алатыны нақты сандық мәліметтерден байқалады. 2022 жылғы қаңтарға дейінгі мәлімет бойынша халқының саны жөнінен Талдықорған қаласын ғана алдыға салып тұрған ауданымызды 131 566 адам мекендейді. Оның 87 803-і ауылдық жерде, ал 43 763 адам Жаркент қаласында тұрады.
Өткен 2021 жылғы Панфилов ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне көз салатын болсақ оң өзгерістер бар екендігін көреміз. Ауылшаруашылығына тиісті айналымдағы 333 мың гектар жердің 42,9 мың гектары егістікке, қалғаны шөп шабуға, мал жаюға белгіленген мақсатта пайдаланады. Бұл жерлерді аймақтар бойынша құрылған ауылшаруашылық кәсіпорындары, шаруа қожалықтары игереді.
Аудан дәнді дақылдарынан жүгері дәні және жоғарғы сұрыпты техникалық қант қызылшасының тұқымын алуға мамандаған. Сол сияқты жүзім, жеміс-жидек өсіру, жинап, өнімін пайдалану тұрақты атқарылатын іс. Мұнымен де жеке шаруа қожалықтары айналысып, айтарлықтай түсім түсіріп отыр. Былтырғы жылы өнеркәсіп орындары 22149,6 млн. теңгенің өнімін өндірген. Оған тау-кен, карьерлерді игеру, т.б. салалардан түсетін табыстар кіреді.
Ауданымызда өндіріс саласына кіретін жаңа екі кәсіпорын жұмысын бастаған. Соның бірі жүгері дәнін құрғататын және сақтайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосқан жобалық құны 4,7 млрд. теңгені құрайтын «ЭСЭСЭЙ Фид Миллс» элеваторы. 30 адамды жұмыспен қамтып отырған бұл зауыт аудандағы мал шаруашылығы мен құс өсірушілердің сұранысына қарай түрлі микроэлементтер мен витаминдер қосылған құрама жем дайындайды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 60 мың тонна құрама жем шығарады әрі жаңа жұмыс орны ашылады. Екіншісі мақсары (сафлор) дәнінен май сығымдайтын жобалық құны 200 млн. теңгелік «Көктөбе сафлаус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жылдық қуаты 6 мың тонна май шығаратын зауыт 10 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Бұлар іске қосылып, халық игілігіне қызмет етіп жатқан кәсіпорындар.
Жаркент аймағының экономикасының серпінді дамуына үлкен ықпалын тигізетін, аудан табысына мол кіріс кіргізіп, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне қомақты үлес қосатын пайдаланылмай жатқан ресурстар баршылық. Болашақта әлі жер асты қазба байлығын, мұнай-газ өндірісін дамытатын Құндызды кеніші, игерілмей жатқан Тышқан, Бұрхан, Сұлубақан телімдеріндегі қара көмір, Іле өзенінің сол жағалауында қоңыр көмірдің мол қоры бар. Тек жоғарғы органдардың алдына кеніштерді игеру жөніндегі жобаларды ұсынып, оны жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту арқылы алғашқы қадамды жасау қажет. «Жаркент аймағы Жетісу облысындағы локомотив аудандардың біріне айнала ма?» деген сұрағымызға әр саланың адамдарынан жауап іздедік.
Сәуле ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ, Панфилов аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:
– Панфилов ауданының Жетісу облысында экономикалық тұрғыдан көшбасшы өңір болуға көп потенциалы бар. Біріншіден шекара маңына орналасуы, «Нұрлы жол» кедені, темір жолы, құрғақ порты, еркін экономикалық аймағының болуы. Алдағы уақытта туризмді дамытсақ одан да келер пайда үлкен болмақ, себебі ауданың орналасу аймағы ерекше. Өңірімізде шыңдарын мұз жапқан тау, өзен, көл, шөл, МЦПС бар – бәрі де туристер тартуға қолайлы. Осылардың бәрін дұрыс пайдалану жолына қойсақ мүмкіндігіміз арта түседі.
Ғалымжан РЫСБАЕВ, мектеп директоры:
– Ауданның экономикалық өсу қарқыны бүгінгі күні артып келеді. Ең бастысы жастардың жермен, мал шаруашылығымен, қызмет көрсету салаларына еңбек етуін әрі олардың еңбекке деген құлшыныстарын көріп бей-жай қала алмайсыз. Бір кездері қала жағалап кеткен жастардың туған жерлеріне оралып, еңбек етуге деген талпыныстарын көргенде еріксіз ырза боласың. Қазір ауылдағы жастар тек егін шаруашылығын ғана игеріп қоймай, бірі үйде мал бордақылаумен айналысса, енді бірі сол өндірілген етін, сүт-майын базарға шығарады. Бұның сыртында мемлекет арқылы түрлі бағдарламалар арқылы шаруашылықтарын тіктеп, кеңейтіп жатқаны ауданның болашағының зор болып, көшбасшылық деңгейге көтерілетіндігіне сенімдіміз. Жас кәсіпкерлерді жан-жақты қолдап, гранттар беріп отырсақ ауданымыздың экономикалық әлеуеті арта түседі, Жаркент Жетісудағы локомотив өңірге, аймақтың негізгі драйверіне айналады деп сенемін.
Болатжан ҚОЖАХМЕТ, қаржыгер-экономист:
– Жетісу өңірінің жеткен жетістіктерін Жаркентсіз көзге елестету мүмкін емес. Жаркент аймағы ауылшаруашылық саласында бұрыннан басқа аудандардан көш ілгері тұр. Жеке шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, әсіресе суармалы егістік жерді тиімді пайдалансақ баяғыдай үлкен жетістіктерге жетер едік. Мал шаруашылығының өркендеуі егін шаруашылығына байланысты. Ауыл шаруашылығы өркендеп дамыса жүгері зауыттары, мал соятын комбинаттар іске қосылар еді. Өңірімізде сауда-саттық жақсы дамыған. Енді зауыт, фабрикалар салынса ауданымыздың мүмкіндігі арта түседі. Тауарды Қытай елінен ала бермей, оларға да сатып үйренетін уақытымыз жетті деп ойлаймын.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге одан әрі дамытуға қомақты үлес қосатын өнім өндіруді аграрлық сала құраса да келешекте өнеркәсіп орындарын көптеп ашылып, шикізатты өңдейтін кісіпорындар саны артса ауданның кез-келген көрсеткіші жоғарылауы мүмкін. Жаңа Қазақстанның жаңғыруына Жаркент аймағы да өзінің лайықты үлесін қосады деп сенуімізге болады.
Молот СОЛТАНАЕВ