Жаркент қаласындағы аудандық Мәдениет үйінің алдында дауыс беруге келген тұрғындар үшін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, театрландырылған көрініс қойылды. Мәдени шараға жергілікті өнерпаздар қатысып, әсем әндер мен көңілді қойылымдар арқылы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Дауыс беруге келген қала тұрғындары концерттік бағдарламаны тамашалап, ерекше әсер алды. Театрландырылған көріністер мен ән-күй, арулардың мың бұралған биі референдум күніне мерекелік сипат беріп, жиналған жұртшылыққа рухани серпіліс сыйлады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени шаралар азаматтардың белсенділігін арттырып, маңызды саяси науқанды халық үшін есте қаларлық күнге айналдыруға ықпал етеді. Осылайша, Жаркент қаласында дауыс беру күні тек саяси шара ғана емес, мәдени мерекеге ұласқан ерекше күн ретінде өтіп жатыр.










