Кемел Тоқаев атындағы орта мектепте жас ұрпақтың бойында елжандылықты, құқықтық мәдениетті және заң мен тәртіпке деген құрметті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама жүзеге асты.
Іс-шара аясында Алматы облысының және Жетісу облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мен Кемел Тоқаев атындағы орта мектеп арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа басқарма бастығы, полиция полковнигі Жарқынбаев Қайрат Қуанышұлы мен мектеп директоры Испанова Ляззат Саркытбайқызы қол қойды.
Меморандум аясындағы өзара ынтымақтастық жас ұрпаққа кәсіби бағдар беруге, құқықтық сауаттылығын арттыруға және ішкі істер органдарындағы қызметтің маңызын түсіндіруге бағытталған.
Шара барысында 7 «А» сыныбы негізінде «Жас сақшы» полиция сыныбы салтанатты түрде ашылды. Сыныпқа 2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласының тұрғындарына үрей туғызған террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза болған полиция аға сержанты Аянқұлов Полат Күйшібайұлының есімі берілді.
Жас сақшылар салтанатты түрде ант қабылдап, заң мен тәртіпті құрметтеуге, Отанға адал болуға және өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруға серт берді.
Мектепте полиция аға сержанты Аянқұлов Полат Күйшібайұлының есіміне арналған арнайы кабинет те ашылды. Кабинеттің ашылу рәсімінде Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі істер органдарының зейнеткері, запастағы полиция майоры Мұқажанов Ғабит Әтейұлы мен ішкі істер органдарының зейнеткері, запастағы полиция полковнигі Мырзакулов Марат Төлегенұлы арнайы лентаны қиып, жаңа кабинеттің ашылуына жол ашты.
Салтанатты шараға Алматы облысының және Жетісу облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жарқынбаев Қайрат Қуанышұлы, Үштөбе қаласының әкімі Оңғаров Қуат Тәттіғалиұлы, Қаратал ауданының білім бөлімінің бастығы Тенельбаев Жандос Қасқарбекұлы, Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының төрайымы Спиридонова Валентина Григорьевна, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі істер органдарының зейнеткері, запастағы полиция майоры Мұқажанов Ғабит Әтейұлы, ішкі істер органдарының зейнеткері, запастағы полиция полковнигі Мырзакулов Марат Төлегенұлы және ішкі істер органдарының зейнеткері, запастағы полиция подполковнигі Төлегенов Жасұлан Өмірсерікұлы қатысты.










