Біздің айтайын дегеніміз, 1986 жылғы Алматыдағы жастардың Желтоқсан көтерілісіне қатысқанын желпіндіріп желеу етіп, ел ішінде жалған бедел жинап, тіпті билік тарапынан сый-сияпат алып жүрген әлдекімдердің азаматтық болмысын сараласаң еріксіз көңіліңе күдік ұялайды. Ондайлардың қазіргі мінезіндегі қулық-сұмдыққа жақындығы, сумақайлығы, суайттығы мен жағымпаздығы соның көтеріліске қатысқан көптің ішінде бола қойғанына сеніміңді сөндіреді. Осындай әр жерде айтылып қалатын әрі-сәрі ойлар Желтоқсан оқиғасына (көтерлісіне) қатыстым деп жүргендердің анық-қанығын тиісті мекемелер қызметімен куәлар арқылы анықтап, қасиетті істің қастеріндегі жалған мен шындықтың аражігін ажырататын уақыттың жеткенін айғақтайды.
Керісінше қолында айғақ дәлелі бар, іс-әрекеті азаматтығын айқындайтын азаматтарды бүгінгі жастарға үлгі ету отаншылдық тәлім-тәрбиеге пайдасын тигізетінін де мойындаймыз. Жаркент өңіріндегі Алмалы ауылында тұратын Тұрған Батырқұлов атты азаматтың қолындағы мына бір фотосурет оның сол күндерде алаңда болғанына айғақ. Суретте алаңда көтеріліске шыққан қалың жастардың алдыңғы қатарында қолтықтасып шеп құрған бір топ жастың сол жақтағы бет-бейнесі айқын көрініп тұрғаны біз әңгімелеп отырған Тұрған Батырқұлов екені даусыз.
Тұрған 1982 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылық институтының дайындық курсына қабылданып, келесі жылы осы оқу орынының ғалым-агрономдар дайындайтын факультетінің студенті атанды. Болмысынан белсенді жасты факультет деканаты бірден № 8 жатақхананың коменданты етіп тағайындады. Бұл жатақханада сол кезде 500-ден астам студент тұрды, олардан басқа алыс-жақын 12 шет елден келген студенттер де осы жатақханадан орын алған болатын.
– Сол күні Қазақстан Коммунистік Орталық комитетінің пленумында халқымыздың ұлтжанды қамқоршысы Дінмұхамед Қонаевты бірінші хатшылықтан босатып, орынына ел есімін естімеген Геннадий Колбин деген біреуді сайлапты деген сөз лезде Алматыға тарап үлгірді, – дейді Тұрған бізбен әңгімесінде. – Бұл хабар сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу, ар-намысы бойындағы барлық алматылық жастардың ашу-ызасына шоқ салды. «Өз елімізді, жерімізді өзіміз басқара алмаймыз ба?», – деген ой жастардың жігерін қайрады. Алматыдағы әр оқу орынының алға бастар жастары өз орталарында құрбыларына қозғаушы болып, шұғыл үгіт жүргізді. Біздің жатақханадағы бір топ белсенді студенттер ақылдаса отырып, 16 желтоқсан күні іргеміздегі республика алаңына шықпақшы болдық. Сол арада басқа да оқу орындарынан біраз жігіттер ақылдаса маған келді. Бірақ аты-жөндерін айтпаған олар да алаңға шығуға келісім жасап кетті. Ертесінде таңғы сағат 9-дан аса курстастарымыз ақтаулық Самат Башимов, ақтөбелік Жалғас Мұқанов тағы басқа бір топ жігіттер алаға келгенде мұнда басқа да қыз-жігіттер легі жиналып қалыпты. Түс ауа алаңға жастар толып кетті де, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін, тағы басқа да бойға жігер беретін әндерді шырқай бердік. Сөйтіп біз билік шешіміне қарсылығымызды әнмен, аракідік сөзбен білдіріп тұрдық. Сонымен бірге орталықтың жауапты лауазымды тұлғаларынан бұл тағайындау туралы нақты түсінік беруін талап еттік.
Алаңға жиналған жастардың алдына келіп «Бұл мәселені орталық шешіп қойған, бұған сендер араласпаңдар, тараңдар» деп уәж айтты. Арамызға жансыздар жіберіп, іштен іріткі салудың амалдары да жасалып жатты. Бірақ жастар алаңнан тарамақ түгілі қатарлары сағат сайын қалыңдай түсті. Түстен кейінгі сағат 4-5-тер шамасында алаңға жоғары қысыммен су шашатын өрт сөндіргіш машиналар әкелініп, жастар легін сумен атқылады. Бұл жастардың ашу-ызасын одан әрі қоздырып, көтерілісшілер жол жақтауындағы мәрмәр тастарды сындырып, қарсыластарына тас лақтырды, қақтығыс содан басталды. Оқиға шиеленісіп кетті. Қолдарына резіңке таяқ, бастарына темір каска киген солдаттар қаптап келіп, қолдарына түскендерді қыз демей, ұл демей тепкілеп, қыздардың бұрымдарынан сүйреп бара жатқандарын өз көзімізбен көрдік. Кеш бата жастар тарады, бірақ ертесінде қайта жиналуға берік бекінісіп қайтты.
18 желтоқсанда жастар алаңға бұрынғыдан да көп жиналды. Бірақ мұздай қаруланған қалың жасақ көпшілігін алаңға жібермей, ұстағанын ұрып-соғып әкетіп жатты. Үшінші күні Алматыда жастарды жаппай қудалау басталды.
– Тұрған сені қудалаушылар ұстамады ма? Суретте анық көрініп тұрсың ғой, мына суретті қайдан алдың…, – деген сияқты көкейдегі күмәнді сауалымызды қойдық.
– Жоқ, ұстамады. Өйткені біздің жатақхана алаңға жақын орналасқан, мекеніміз қатаң бақылауға алынса да біз де дұшпаннан айламызды асырып, көзге түспеудің барлық амалын ақылдаса отырып қарастырдық. О бастан-ақ бірімізді біріміз жау қолында қалдырмауға уәделескенбіз. Сондықтан біздің жатақханадан қолға түскендер аз болды. Тіпті үшінші күні жатақхана есігі тарс бекітіліп, қатаң күзет қойылса да, сыртпен байланысты жатақхана артындағы жасырын есік арқылы жалғастырып отырдық.
Ал сурет туралы айтсам, «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 14 желтоқсан күнгі санында жарияланған суретке көзім түсіп, алдыңғы қатардағы өзімді таныдым. Кейін Алматыға барғанда газет редакциясына кіріп, көшірмесін алдым. Бұл суретті кім түсіргені белгісіз.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
Панфилов ауданы.