Жетісу облысында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту аясында 8 нысанға 8,6 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Алты нысан 30 тамызға дейін, екі нысан 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар, 7 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында.
Жыл соңына дейін Алакөл ауданы, Достық ауылындағы «Келешек мектебі» және оның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы, Панфилов ауданы, Лесновка ауылындағы мектеп, Ақсу ауданы, Көлтабан ауылындағы және шағын орталығы бар жаңа мектеп пайдалануға берілмек.
Кербұлақ ауданындағы 60 орындық мектеп және 2026 жылға өтпелі үш жоба да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Материалдық-техникалық базаны нығайтуға да қаражат бөлінген. Жыл соңына дейін 58 мектептің спорт залдары мен асханалары жаңартылып, 70 пән кабинеті алынады.
Қазіргі уақытта жылыту маусымына дайындық жүргізілуде, білім беру мекемелеріне қажетті отынның бір бөлігі жеткізілді.
Әлеуметтік қолдау шаралары аясында 25 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 1,1 млрд теңге бөлініп, ата-аналар есепшотына толық аударылды.
Облыстағы мектептердің басым бөлігінде оқушылар ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ шалғай ауылдардағы балаларды тасымалдау үшін биыл жаңа көліктер алынған.









