Жетісу облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Ақсу ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінде жоспарлы аудит жүргізді. Аудит 2025 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес өткізілді.
Тексеру барысында бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді жоспарлау және пайдалану кезінде жалпы сомасы 962,6 мың теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 858,1 мың теңгесі – қаржылық, ал 104,5 мың теңгесі – рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар.
Атап айтқанда, іссапар шығындарын өтеу қағидалары толық сақталмай, 2023–2024 жылдары 708,1 мың теңге артық төленген. Сонымен қатар, қолданыстағы ережелер талаптары бұзылып, 2024 жылы 150,0 мың теңге көлемінде сыйақы негізсіз төленген.
Мемлекеттік сатып алу саласында да бұзушылықтар анықталған. Көрсетілетін қызметтер бойынша шарт талаптары сақталмай, жеткізушіге жалпы сомасы 104,5 мың теңге тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есептелмеген.
Бұдан бөлек, мекеме тарапынан жеткізушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап қою шаралары қабылданбаған.
Анықталған бұзушылықтар бойынша мекеме басшысына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл бюджет кірісіне өндірілді.
Қазіргі уақытта анықталған бұзушылықтар толық көлемде жойылып, бюджетке өтелді. Сондай-ақ жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.










