Жетісу облысында көлік легін оңтайландыру және «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктіне түсетін жүктемені азайту мақсатында автокөліктерді «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының арнайы экономикалық аймағы аумағына бағыттау жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта пилоттық режимде іске асырылып жатқан жоба өткізу пунктіне түсетін жүктемені 30%-ға азайтуға мүмкіндік берді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Қорғас» ШЫХО» АЭА басқарушы компаниясының мәліметінше, 7-14 қазан аралығында 8 мыңнан астам автокөлік бағытталған. Ал тәуліктік көрсеткіш 1 мың көліктен асты.
– Автокөлік құралдарын қайта бағыттау нәтижесінде «Нұр жолы» өткізу пункті арқылы өтетін пайдалы жүк ағыны артты. Бұл өз кезегінде кедендік түсімдердің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, бюджетке түсетін кіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілді іске асыру көлік инфрақұрылымын тиімді пайдалануға, қосымша экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға және Жетісу облысының маңызды көлік-логистикалық торап ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді. Жалпы, пилоттық жоба «Нұр жолы» өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыруға, көліктердің бос тұру уақытын және тасымалдау шығындарын қысқартуға, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті «Қорғас» ШЫХО» АЭА БК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сейілбек Садырбай.
Оның айтуынша, 17 қыркүйектен бастап алдын ала декларациялау және кедендік ақпарат алмасу үшін «EuraTrade Link» цифрлық платформасын енгізу бойынша қосымша жоба да іске қосылды. Бұл кедендік рәсімдерден өту тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Бүгінде «Қорғас» ШЫХО-да автокөлік құралдарын қабылдау мен рәсімдеуге қажетті барлық инфрақұрылым бар. Атап айтқанда, уақытша сақтау қоймалары, көлік-логистикалық алаңдар, кедендік және шекаралық бақылау аймақтары, жол және инженерлік инфрақұрылым қарастырылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі










