Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылады.
Мамандар жүргізген тексеріс барысында, өңірдегі ірі сүт өндірушілер – «Жетісу сүт» және «Ақ-бұлақ продукт» серіктестіктерінің заң бұзғаны анықталды. Бұл компаниялар сүт өнімдері мен айранды дүкендерге өткізу кезінде, кейбір сатып алушыларға ешқандай негізсіз әртүрлі баға мен тиімсіз талаптар қойып келген. Бұл Кәсіпкерлік кодексіне қайшы болғандықтан, монополияға қарсы қызмет кәсіпорындарға ескерту жасады. Қазіргі уақытта барлық келісімшарттар заңға сай теңестірілді.
Сонымен қатар, облыстағы мемлекеттік үлесі бар 41 мекеменің жұмысы тексерілді. Нәтижесінде Талдықорған қаласындағы 20 балабақша мен колледжде бәсекелестік заңнамасын бұзу жағдайлары анықталып, оларға кемшіліктерді жою туралы талап қойылды. Мекемелер бұл ескертуді толық орындап, жұмыстарын заңға сәйкес реттеді. Ал облыстық Кәсіпкерлік басқармасы мен Еңбек мобильділігі орталығында ешқандай заң бұзушылық табылған жоқ.
Кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Монополияға қарсы қызмет жыл басынан бері өңірдегі 10 маңызды нарықты, соның ішінде азық-түлік, кино және авиаотын салаларын жіті тексерді.
Жарты жыл ішінде арнайы құрылған кеңестің 6 отырысы өтіп, бизнеске тұсау болған екі үлкен кедергі жойылды.
Бірінші жеңілдік картоп нарығына қатысты. Бұған дейін шаруалар 60 тоннадан асқан өнімін тек тауар биржасы арқылы сатуға міндетті болатын. Енді бұл шектеу 1000 тоннаға дейін ұлғайтылды. Бұл облыстағы шағын және орта шаруалардың өз өнімдерін ешқандай делдалсыз, еркін сатуына жол ашты.
Екінші жеңілдік қант саудасында тіркелді. Жаңа ережелердің арқасында кәсіпкерлер үшін биржалық кепілдік жарнасы 5 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетілді. Бұл қадам бизнес өкілдерінің шығынын айтарлықтай азайтты.
Жалпы, жыл басынан бері департамент мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты 24 өтініш пен мемлекеттік сатып алу бойынша 9 құжатты қарастырды. Сондай-ақ, тұрғындар мен кәсіпкерлерден түскен 31 шағым заң аясында толық шешімін тапты.










