Ата-бабамыз қасық қаны қалғанша жан алып, жан беріп, қаншама адамның өмірін сарп етіп атамекенімізді азат етті, еркін, бейбіт мемлекетті біздерге тарту етті. Енді осы егеменді елімізді көркейтіп, гүлдендіруі тиіс сол батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы тепсе темір үзер шақтарында екі қолдарына бір күрек таба алмай, алтын уақыттарын босқа өткізіп жүргендігі жанға батады.
Рас, қаншама жастарымыз жұмыссыз жүр. Тіпті балалы-шағалы ата-аналар жұмыс істеп, балаларын асыраудың орнына өкіметке алақан жайып отырғандығын да көріп жүрміз. Бұрынғылар айтушы еді ғой «Біреуге қараған күнім құрысын» деп… Ешқашан біреуге қол жаймау керек, тіпті өкіметке де. Денің сау кезде әрекет ет, тіршілік жаса, босқа қарап жатпа. Әрекет түбі берекет.
«Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деген тағы бар. Соны әр ата-ана жастайынан баланың санасына сіңіріп өсірсе, баласының да болашағы жарқын болар ма еді… Өзім көпшілік ортада жиі жүретіндіктен, ата-аналардың түр-түрін көріп жүремін. Мен де ата-анамын. Қазақта «Балаңды аясаң аяма» деген тәмсіл бар. Баласы сәл қылт етсе ата-анасы соның ырқына жүгіріп, асыра еркелеткенді өз басым құп көрмеймін. Шектен тыс еркелетудің өзі баланың болашағына балта шабумен бірдей. Ата-ана қашанғы баласының қасында жүреді? Жастайынан өз қолын өз аузына жеткізіп үйрету керек. Әу бастан баланы тіршілікке икемді етіп өсірсеңіз, болашақта жерде қалмасы хақ. Егер бала шағында саусағының ұшын қимылдатпайтын, тіршіліктен бейхабар болып өссе, болашағында биіктен көрінеді дегенге күмәнмен қараймын. Өйткені тіршілікке икемі жоқ бала болашақта жұмыссыздар қатарын толықтырары анық.
Әкем «Жұмыстың ұяты жоқ, жұмыссыз жүрген ұят» деп айтушы еді. Рас екен. Оның үстіне бүгінгі таңда елімізге шетелдіктердің ағылып келіп, осы жерде тұрақтап қалуға тырысып жатқандықтарын көзіміз көріп, естіп, біліп жүрміз. Ендеше біздің ұрпақтарымыз білімді, еңбекқор, пысық болып, бұрынғы «жетпіс жылдың» қайталанбауын өз қолдарына алуы керек.
Әр ата-анаға, әр балаға шамам жеткенінше түсінік жүргізуге тырысып отырамын. Ата-ана баланы басқа үшін емес, өзі үшін өмірге әкелді. Ендеше баланың өміріне, тәрбиесіне, тәртібіне тікелей өзі жауапты. Балаларға да айтарым «Ешкімнен ешқашан ештеңе күтпе. Тіршілік ет, әрекет жаса, оқы».
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, іздеген, ниеттенген адамның екі қолына бір күрек қашан да табылады. Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар. Ортаға сыйымды болып, жүктелген іске жауапкершілікпен қарап, ерінбей еңбек ету керек. Әйтпесе, жастар арасында жұмыссыздық артып келеді. Сондықтан жастар өз икеміне қарай кәсіптік білім алып, мемлекет беріп жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып кәсіп ашып, заман ағымына қарай бейімделуі керек. Өйткені тіршілік қуған шетелдіктер біздің елімізден жұмыс тауып, істеп жатыр. Ендеше, босқа қарап жатпай, жалықпай, болашақтың қамы үшін, бала-шаға, еліміз, жеріміз үшін еңбек етейік!
Тоғжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ