Құқық қорғау органдарының қызметкерлері алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болғанын ескертуде
Ресми дереккөздердің мәліметінше, егде жастағы азаматтар алаяқтардың құрығына жиі ілінуде. Қаскүнемдер өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде сыпайы һәм мәдениетті түрде таныстыра отырып түрлі айлалармен алдап-арбау жолымен азаматтардың сеніміне кіріп олардың жеке мәліметтеріне қол жеткізіп, ақшасын иемденуге тырысуда. Тәртіп сақшылары қазіргі кезде көп тараған алаяқтық тәсілдерді жіпке тізіп берді.
Атап айтқанда, қазіргі кезде төмендегідей жағдайлар жиі орын алуда:
Біріншіден, алаяқтар банк шотынан ақша ұрланғалы жатқанын айтып, оны шұғыл түрде «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіруге тырысады. Ол үшін сілтемелер жіберіп немесе арнайы қосымша орнатуды сұрайды.
Екіншіден, «қауіпсіздік жүйесін жаңарту» деген сылтаумен белгісіз бағдарламаларды жүктеуді ұсынады. Сондықтан да құпия сөздерді ешқашан да бейтаныс адамға айтпаңыз. Себебі банк қызметкерлері сізден SMS немесе CVV–кодтарды (картаның артындағы 3 сан) немесе құпия сөзді ешқашан сұрамайтынын әрдайым есіңізде сақтаңыз. Ондай жағдайда бірден телефон тұтқасын қойып, банктің ресми нөміріне (Мәселен, Kaspi-9999, Halyk-5000) немесе полицияның 102 нөміріне міндетті түрде қоңырау шалыңыз. Ал аталған қосымшалар орнатылғаннан кейін алаяқтар банк деректеріне оңай қол жеткізеді. Мессенджерлермен (WhatsApp, Teleqram) келетін «Ұтыс ұтып алдыңыз», «Дауыс беріңізші» немесе «Мемлекеттен өтемақы беріліп жатыр» деген күмәнді сілтемелерді ашпауға тырысыңыз.
Сонымен бірге OLX немесе Instaqram арқылы тауар сатып алғанда, тауарды қолға алмай тұрып алдын ала төлем жасамаңыз. Air Astana, Halyk Bank немесе ҚазМұнайГаз атынан «инвестиция жасап, табыс тап» деген жалған видеоларға сеніп, табысқа жедел кенелемін деген оймен ақша аудармаңыз. Мұндай ақпаратты алдымен сол мекемелердің ресми сайтынан алдын ала тексеріп алыңыз.
Ал өзіңіз тарапынан күмән туындаған жағдайда сабыр сақтап, міндетті түрде жақындарыңызбен ақылдасыңыз да банкпен немесе мемлекеттік органдармен тек ресми нөмірлер арқылы дереу байланысыңыз. Осы қарапайым қағидаларды сақтасаңыз өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ететін боласыз.
Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ










