Баяғы бір жылдары Германиядан қымыз өндіруші Ганс Цольман деген неміс азаматы келіп, Алматыда халықаралық конгреcс өткізіп, қазақтарға қымыз жайлы дәріс оқып берді.
«Қазақтарға менің өндірген қымызым ұнайтынына мақтанамын. Германияда 50 жылдан бері қымыз өндірушілер одағы жұмыс істейді. Германия арқылы бие сүтін өндіру идеясы Еуропаның басқа да елдеріне тарап отыр. Қазір қымызды бізден көріп Австрия, Голландия, Италия мемлекеттері өндіре бастады. Сіздер қымызды тек сусын ретінде пайдаланасыздар. Ал мен болсам, қымыздан әйелдерге арнап иісмай, косметика жасап, балаларға балмұздақ дайындап беремін. Мен сіздерге қымызды өндіруді үйретуге дайынмын», – деген болатын Германиялық қымыз өндіруші Ганс Цольман.
Міне, осылайша, санғасырлық құндылығымызды сақтап, дәріптей алмағандығымыздан ұлттық сусынымыз жат елдің меншігіне айналып отыр. Сонда, біз ұлттық өнімімізді жат жұрттықтарға беріп қойып, қарап отыруымыз керек пе? Бұл елдігімізге сын емес пе? Қымыз біздің 6 мың жылдық тарихы бар бірегей сусынымыз. Әйгілі Геродоттың: «Көшпенді сақтардың сүйікті сусыны – бие сүті. Оны олар ерекше тәсілмен дайындаған және қымыз дайындау тәсілін құпия сақтаған. Егер оның құпиясын біреу ашса, екі көзін ағызып жіберетін болған» деген екен. Осы сөздерден-ақ қымыздың қазақ үшін қаншалықты құнды екенін аңғаруға болар. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан мұра болып келген бұл игілік бағаланып, атадан балаға мирас болып келді. Ал қазір неге жалғасын таппай қалды? Якутияда (Саха Республикасы) қымыз туралы арнайы заң бар екен. Тіпті көрші Ресейдің өзінде қымыз өндіретін 80-нен астам фирмалар болса, тек қана қымызбен емдейтін 48 санаторий бар көрінеді. Ал бізде ше? Қазақтың ұлттық сусынына деген сұраныс қандай?
«1919 жылы Қазақстан территориясында 16 миллион жылқы болған. Ал қазір бар-жоғы 1,5 млн ғана қалды. Өйткені Сталин мен Голошекин қазақтың рухын сындырып, кең даласын тартып алу үшін ең алдымен біздің бабаларымызды жылқыдан айыру керек болды. Ет комбинаттары ашылып, төрт түлігіміз қынадай қырылды. Одан кейін шекарамыз айқара ашылып, елімізге шетелдің арақ-шарап, сыра, кока-кола, пепси-кола секілді түрлі бояу қосылған газдалған сусындары қаптады. Осылайша, ұлттық сусындарымыздан ажырап қалдық. Қазіргі кезде қасиетті сусындарымыз ас бергенде немесе өлім-жітімде ғана қойылатын болды. Енді-енді кей жерлердегі той-думандардың дастарқан мәзірінде қымыз қойыла бастады. Бірақ, өкінішке қарай, әлі де дастарқанымыздан арақ-шарап, түрлі газдалған сусындар түспей тұр. Неге? Өйткені олардың жарнамасы күшті. Қазір Австралия кока-коланы жарнамалауға тыйым салып, оның зиян екендігін жұртшылыққа түсіндіруде. Неге бізге де адам денсаулығына зиян келтіретін газдалған сусындардың жарнамасына тосқауыл қойып, оның орнына табиғи сусындарымыздың жарнамасын күшейтпеске? Сонда ұлттық сусынымызға сұраныс артып, халық денсаулығының, демографиямыздың жақсаруына оң әсер етер еді. Сондай-ақ ауыл-ауылдарда қымыз өндіретін зауыттар ашылып, жастарымыздың жұмыс істеуіне мүмкіндік болар еді», – дейді белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила.
Шынында да, елімізде арақ-шарап, газдалған сусындар, сыраханалар қаптап кетті. Ал ұлттық сусындарымыз – қымыз бен шұбатты қала тұрмақ, ауылдан табу қиынға соғып барады. Қазір интернеттегі мәліметтерге сүйенсек, елімізде жылына 4 млн 800 мың литрге жуық сыра өндіріледі екен. Ғалымдардың дәлелдеуінше, егер ерлер сыраны көп ішсе, оның еркектік гормондары әлсіреп, бойында әйелге тән қасиеттер пайда болады екен. Ал әйелдер көп ішсе керісінше, еркектік гормондары көбейіп, сәби дүниеге әкеле алмайтын жағдайға жетеді екен. «Қазір Еуропа елдерінде «көгілдірлер» мен «лесбиянкалардың» көбеюі сыраның салдарынан болуы мүмкін», – дейді кейбір ғалымдар.
«Мен қымыз төңірегінде көптеген еңбектер жаздым. Тіпті докторлық диссертациям да қымыз бен шұбатқа арналған. Негізі, сүт екі топқа бөлінеді. Бірі – казеиндік сүт болса, екіншісі, альбуминді сүттер тобы. Мәселен, қойдың, ешкінің, сиырдың, түйенің сүттері казеиндік сүттер тобына кіретін болса, альбуминді топқа ананың сүті мен биенің сүті ғана кіреді. Демек, бие сүті – ананың сүтімен пара-пар деген сөз. Альбуминді сүттердің казеиндік сүттерге қарағанда құрамы айрықша болады. Мұның асқазанға күш түсірмей, ас қорыту жүйесіне пайдасы өте зор. Құрт ауруына бірден-бір ем. Сонымен қатар өкпе ауруларын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүттерге қарағанда ерекше болып келеді. Бұл бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары өте көп. Сондықтан қымызды зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу орталығын ашуымыз керек. Қазір Германия бұл төңіректе көптеген жұмыстар жасап жатыр. Ал біз әлі күнге бие сүтінің адам денсаулығы үшін пайдасы мол екенін зерделеп, зерттеуді өз деңгейінде жүргізе алмай келеміз», – дейді қымыз зерттеуші, медицина ғылымының докторы, профессор Абай Жанғабылов мырза.
Қалай десек те, арақ-шарап, сыра, кола дегендерден біржола арылып, (олардың зиян екендігін бәрі біледі), қош иісті, дертке дауа, жанға шипа болар ұлттық сусындарымызды пайдаланып, тұтынатын кез әлдеқашан келді. Енді кафе-мейрамханалар, түрлі тамақтану орындарының иелері жұртшылықтың арақ-шарап, сырадан жалығып, шаршағандығын түсініп, өздерінің ас мәзіріне ұлттық тағамдар мен ұлттық сусындарды енгізіп қойса қандай тамаша болар еді. Әйтпеген күнде ұлтымыз ұлттық сусыны болған, қырық түрлі ауруға ем қасиетті қымыздың дәмін де ұмытуға айналды.
Серік ЖҰМАБАЕВ