Ел Президенті белгілеген сайлау күні де жақындап қалды. Биылғы Парламент Мәжілісі сайлауына, жергілікті мәслихаттарға партиялардың қолдауымен түсіп, сол сияқты әр сатылы депутаттыққа өзін-өзі ұсынып жатқан белсенді азаматтардың көптігі қуантады. Сөз бостандығы арқылы көп партиялық сайлау өткізу жүйесіне өту – қоғамның демократиялық тұрғыда ілгері дамуының көрінісі. Көзқарастардың әртүрлілігі, белгілі бір жүргізіліп жатқан реформаларға пікірлердің көптігі ол бағыттың ертеңгі күні дұрыс қалыптасуына өз ықпалын тигізеді.
Баспасөздегі жарияланып жатқан әр партияның белсенділерінің жарнамалап көтеріп отырған мәселелеріне көңіл аударып қарасаңыз тәуелсіздік алған жылдардан бері қанша тырмыссақта шешімін таппай келе жатқан сауалдар екенін байқайсыз. Ауылшаруашылықты ел екеніміз статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек айқын көрініп тұрады. Қарапайым мысалдың өзі жекешелендіру үрдісі қолға алынғанда көптеген қойнында құжаты, қолында билігі, қалтасында қаржысы бар алпауыттар, латын тілімен айтқанда латифундистер ең құнарлы, пайдалануға тиімді егістік, жайылымдық жерлерді меншіктеніп алған. Осындайда есімізге Ресейдегі 1861 жылғы басыбайлылық реформаның жүргізілуі түседі. Сайлаушылар алдына шыққан дерутаттықтан үміткерлерге кездесушілердің қоятын сауалдарының дені жер халыққа қайтарылама дегеннің төңірегінде болып келеді. Ол сұрақ заңды да. Тереңдей берсеңіз ауылшаруашылығына керекті жер өңдейтін техникаларды жаңарту, жоғары өнімге қол жеткізу үшін егіске қажетті тыңайтқышты шығаруды жолға қою, арзандату, субсидия мәселесі, ең аяғы өндірілген өнімді өңдеу орындарына белгіленген бағамен өткізу. Бұның бәрі үміткерлермен кездесу барысында көтерілген сұрақтар. Ең жауапты да қоғам алдындағы күрделі мәселе болашақ ұрпақтарымызға қатысты білім шаңырақтары – мектептер жайлы. Халықты толғандыратын басты мәселе балаларының білім алатын орындарының қазіргі заманға лайық, барлық техникалық оқу құрал жабдықтарымен қамтамасыз етілген жайлы мектеп болуы. Үш ауысымды мектептердің жою, жаңа мектеп салу мәселесі. Тіптен 7 мыңнан астам елді мекені бар елімізде мектебі жоқ ауылдардың бары да осы сайлаушылармен кездесулерде айтылып жатыр. Бүгінгі білім саласы төңірегінде қордалаған мәселелер де жетерлік. Оқулықтардың, оқу құралдарының кемшіліктері, пәндер бойынша мұғалімдердің жетіспеушілігі секілді маңызды мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс.
Үміткерлер өндіріс саласында істейтін орындарындағы жұмысшылармен кездесулерде олар өздеріне қатысты күнделікті атқаратын жұмыстарына тән нәрселерді көтерді. Бастысы өндіріс қожайындарының жұмыс түрлеріне қарай жұмысшыларға жалақы төлеуі, жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігін сақтауды дұрыс ұйымдастыру. Әр жұмысшы еңбек өнімділігін арттыру үшін жұмыс орнындағы қызмет атқаратын техникалық құралдарды жаңарту, жұмысшылардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту.
Адамдардың еңбек етуге деген қабілетінің бірден бір сақтаушысы халыққа көрсетілетін дәрігерлік қызмет. Оны жүзеге асыратын ақ халат киген денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Сол халыққа күндіз-түні қызмет көрсетіп жатқан дәрігерлерге лайықты жағдай жасалды ма? Осыған байланысты үміткерлерге көптеген сұрақтар туындады. Ауруханалардың, емханалардың, ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық пункттердің жағдайы сын көтерерліктей ме? Ауруханалардың адамға шаққанда төсекпен қамтылуы нормаға сай келмейтіндігі жер-жерде көтерілді.
Қоғамдық өміріміздің жүздеген саласындағы қадам басқан сайын алдыннан шығатын кеңестік кезеңнен қалып қордаланған мәселелердің жиынтығы осы сайлауға барар жолда көтеріліп отыр. Біз негізгі деп санаған салаға ғана сәл тоқталып өттік. Менің айтпағым, қай партиядан болса да сайлауға түсіп белсенділік көрсетіп жатқан үміткерлер, халықтың көтеріп отырған сауалдарын ұсақ-түйек деп қарамай, түгелдей үтір-нүктесіне дейін жазып алып, сайлау біткеннен соң осы мәселемен айналысатын құзырлы орғандардың алдына қоя білсе үлкен сауаптық іс атқарған болар еді. Бұл сайлаудың жаңашылдығы да сонда болып тұр.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы»
газетінің Бас редакторы.