Еліміз үшін тарихи маңызы зор кезеңдердің бірі – жаңа Конституцияның қабылдануы. 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа Ата заң мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындап, қоғамның саяси, әлеуметтік және рухани жаңғыруына серпін бермек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған бұл құжатты көпшілік бекерден-бекер «Халық Конституциясы» деп атап отырған жоқ. Өйткені жаңа Конституцияның өзегінде – халық мүддесі, әділетті қоғам құру идеясы және мемлекеттің болашақтағы тұрақты дамуы жатыр.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бірнеше саяси реформаларды бастан өткерді. Уақыт өткен сайын қоғамның сұранысы өзгеріп, мемлекетті басқару жүйесіне жаңа талаптар қойыла бастады. Әлемдегі геосаяси ахуал, экономикалық сын-қатерлер, ақпараттық дәуірдің жылдамдығы – мұның барлығы елдің ішкі тұрақтылығын күшейтетін, басқару тетіктерін жаңартатын жаңа шешімдерді қажет етті. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституция – заман талабынан туған тарихи құжат.
Жаңа Конституциядағы ең маңызды өзгерістердің бірі – мемлекеттік басқару жүйесінің жаңаруы. Бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына Құрылтай негізіндегі бір палаталы жүйенің енгізілуі билік тармақтарының тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл өзгеріс партиялардың ықпалын күшейтіп, халықтың саяси белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауда қоғам үнінің күшеюіне жол ашылады.
Құрылтай институтының енгізілуі – ұлттық кеңесудің жаңа үлгісі деуге болады. Бұл жүйе арқылы елдегі түрлі саяси күштер мен қоғамдық топтардың көзқарасы ескеріліп, ортақ мәмілеге келу мәдениеті қалыптасады. Демек, жаңа модель халық пен билік арасындағы байланысты бұрынғыдан да жақындата түседі.
Сондай-ақ жаңа Конституцияда елдегі саяси тұрақтылық мәселесіне айрықша назар аударылған. Вице-президент лауазымының енгізілуі – мемлекеттік басқарудағы сабақтастықты сақтауға бағытталған маңызды шешім. Әлемдік тәжірибеде мұндай жүйе тұрақтылықтың кепілі ретінде қарастырылады. Егер қандай да бір төтенше жағдай орын алып, Президент өз қызметін атқара алмайтын жағдай туса, мемлекет басқаруында бос кеңістік пайда болмайды. Сонымен қатар Президент қызметінен кеткен жағдайда сайлаудың қысқа мерзімде өткізілуі демократиялық қағидаттардың сақталуына мүмкіндік береді.
Жаңа Ата заңның басты ерекшелігінің бірі – адам капиталына басымдық берілуі. Бұрын ел байлығы көбіне табиғи ресурстармен өлшенсе, енді негізгі құндылық ретінде адамның білімі, интеллектісі, еңбегі мен қабілеті қарастырылады. Конституцияда білім беру, ғылымды дамыту, азаматтардың шығармашылық және кәсіби мүмкіндіктерін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілген.
Бұл – өте маңызды қадам. Себебі қазіргі заманда мемлекеттердің қуаты жер астындағы қазба байлықпен ғана емес, адами әлеуетпен өлшенеді. Ғылымы дамыған, білімді ұрпағы бар мемлекет қана жаһандық бәсекеде алға шыға алады. Сондықтан жаңа Конституция жастарға үлкен мүмкіндік беретін тарихи құжат болмақ.
Сонымен бірге жаңа Конституцияда қоғамдағы әділдік мәселесі де кеңінен қамтылған. Заң алдында бәрінің тең болуы, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, әділ сот жүйесін қалыптастыру – жаңа Ата заңның басты бағыттарының бірі. Әділетті қоғам орнату – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың арманы. Сондықтан Конституциядағы бұл өзгерістер халық сенімін нығайтып, елдегі қоғамдық келісімді күшейте түседі.
Құжаттағы тағы бір маңызды жаңалық – «Халық кеңесі» институтының құрылуы. Бұл құрылым этностар мен өңірлердің үнін орталық билікке тікелей жеткізетін тиімді алаңға айналмақ. Көпұлтты Қазақстан үшін мұндай институттың маңызы зор. Себебі ел бірлігі мен қоғамдық келісім – мемлекет тұрақтылығының басты негізі.
«Халық кеңесі» арқылы аймақтардағы өзекті мәселелер ашық көтеріліп, халықтың ұсыныс-пікірлері билік назарынан тыс қалмайды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік шешімдердің халық сұранысына сай қабылдануына ықпал етеді.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл – еліміздің болашақ даму жолын айқындайтын стратегиялық бағдар. Ата заңда мемлекет қауіпсіздігі, аумақтық тұтастық, қоғамдық тұрақтылық, әділдік пен адам құқығы басты құндылық ретінде белгіленген.
Бүгінде әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Геосаяси шиеленістер, экономикалық дағдарыстар, түрлі қауіп-қатерлер көптеген мемлекеттерге әсер етуде. Осындай уақытта елдің ішкі бірлігі мен саяси тұрақтылығы ерекше маңызды. Жаңа Конституция дәл осы мақсаттарға қызмет ететін берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Тарих көрсеткендей, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан мемлекеттер ең алдымен өз заңнамалық жүйесін жаңартып, халық сеніміне сүйенген басқару үлгісін қалыптастырады. Қазақстан да осы жолды таңдады. Сондықтан жаңа Ата заң – еліміздің жарқын болашағына бастайтын тарихи қадам.
Ең бастысы – Конституцияның табысты жүзеге асуы әрбір азаматтың белсенділігіне байланысты. Әділетті қоғам құру, заңға құрметпен қарау, ел болашағына жауапкершілікпен қарау – бәрімізге ортақ міндет. Сонда ғана жаңа Конституцияда көрсетілген мақсаттар толық орындалып, Қазақстан дамудың жаңа белесіне көтеріледі.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ










