Есірткі айналымына қарсы күрес күшейтілді
Еліміз көлік-логистикалық хаб болуымен қатар, есірткінің сан алуан түрлері өтетін маңызды транзиттік дәлізге айналып отырғаны – ащы да болса шындық. 2025 жылы ел аумағында аса ірі көлемде – 13 тоннаға жуық есірткі партиясының ұсталуы және синтетикалық есірткінің кең таралуы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Оң мен солын әлі толық танып үлгермеген өскелең ұрпақтың бір сәттік қызық үшін есірткінің арбауына түсіп, тағдырының тәлкекке ұшырауы – өкінішті жағдай.
Жетісу облысында алкоголь мен есірткіге тәуелділік дертімен 2 500-ге тарта азамат профилактикалық есепте тұр. Оның ішінде 2 257 азамат алкогольге тәуелді болса, 232 азамат есірткі тұтынушы ретінде тіркелген. Өңірлік полиция департаменті өз қызметінің басты міндетін құқықбұзушылықтың алдын алу және тәуелді адамдарға көмек көрсету деп санайды. Бұл бағыттағы профилактикалық іс-шаралар медицина мекемелерімен, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де тиісті қызметтермен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымына байланысты 79 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 42-сі есірткі қылмыстары санатына жатады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде заңсыз айналымнан 101 келіден астам есірткі заты тәркіленген.
Азаматтардың есірткіге тәуелділікке ұрынуының алдын алу мақсатында Жетісу облыстық полиция департаментінде «Қарасора-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының басталуына орай жеке құрамның гарнизондық саптық жиыны өтті. Ауқымды шараға есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қызмет атқаратын полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Шара барысында облыс аумағында ауқымды рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы алқаптары мен жетуі қиын аумақтар толық тексерілетін болады. Сонымен қатар, құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсуі ықтимал жерлерге тұрақты бақылау жүргізіледі. «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы қазан айының соңына дейін жалғасады.
Б.СӘЛІМҰЛЫ










