Жұма, 5 Маусым, 2026
  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс
Jaraina.kz
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы
No Result
View All Result
Jaraina.kz
No Result
View All Result
Басты бет Ақпарат ағыны

Ұлттық нақышқа жан бітірген шебер

29 Мамыр, 2026
Ұлттық нақышқа жан бітірген шебер
3
БӨЛІСУ
38
ҚАРАЛЫМ
FacebookTwitterTelegram

Қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары – халқымыздың рухани мұрасы мен эстетикалық талғамының айқын көрінісі. Соңғы жылдары этностильге қызығушылық артып, шолпы, шашбау, алқа секілді дәстүрлі бұйымдар қайтадан сұранысқа ие бола бастады. Осындай ұлттық өнерді жаңғыртып жүрген жандардың бірі – жаркенттік қолөнер шебері Айжан Хақанқызы. Ол көне зергерлік өнерді заманауи сәнмен ұштастырып, ұлттық нақыштағы әшекейлерді жасап келеді. Сұхбат барысында шебер зергерлікке қалай келгенін, ұлттық бұйымдардың тәрбиелік мәнін және қазіргі қолөнер саласындағы мәселелерді кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, тарихи мұраны сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.

– Айжан Хақанқызы, осы әшекей бұйымдарды жасауға қашан, қалай келдіңіз? Шеберлік пен зергерлікті кімнен үйрендіңіз?

– Сұрағыңыз өте орынды. Тап қазіргі заманда ұлттық құндылықтарымызды ата-ана және жеке тұлға ретінде дәріптей отырып, кейінгі буын жас ұрпаққа қалдыру бәріміздің де азаматтық борышымыз ғой деп санаймын. Ал, жалпы айтқанда, осынау зергерлік деген – байырғы бабаларымыздан келе жатқан, құндылығына баға жетпес көне де асыл мұрамыз.

Бірақ тұтынушының назарын аударту үшін бұл өнерге қазіргі заманға сай рең беріп, талапқа сай дамыту – ең қажеттіліктің бірі-ау. Демек, сондай жаңартулар жасасақ, әрине, орта буын болсын, жастар болсын алып тағып пайдаланады, яғни көпшіліктің сұранысына ие болады деген сөз.

Тағы бір өкініштісі – осындай ұлттық реңдегі керемет әшекейлерді байқасаңыз, тек Наурыз мерекесі уақытында ғана, бір аптаның ар жақ, бер жағында жаппай тағады да, одан кейін сұраныс пен қызығушылық күрт азаяды. Мысалы, мен жасайтын «шолпы» туралы айтсам, бұл бұйым бұрын қазақ қызының тәрбиесінде үлкен рөл атқарған. Атап айтсам, қыз баланың шашының бірқалыпты өсуіне шолпы салмағының әсері күшті болған. Және де қыз бала тәрбиесінде шолпысын жөнсіз шыңғырлатып, шолпылдатып жүрсе ұят болатындығын ескерткен. Сол үшін де тік, әдемі жүруі мен инабатты, ибалы болуға баулуда өзіндік зор маңызға ие болған киелі зат.

Ал енді менің осы әшекей бұйым жасаушы зергер болуым – таза өмірлік қажеттіліктен туындаған жағдай. Себебі өз жұртым мен нағашы жұртымда мына өмірде мұндай іспен айналысқан адамдар мүлде болған емес. Және де дәл қазіргі уақытта кез келген адам өзін рухани ізденіске бағыттап, дамытқысы келсе, әлеуметтік желі арқылы өте зор мүмкіндіктер қарастырылған. Менің өз бойымда табиғи шеберлік пен ісмерлік дарын болғандықтан, ізденіс арқылы біршама зерттеу, зерделеу жұмыстарын өткеріп барып, осы салаға тоқталдым. Қазіргі адамдардың талғамы ерекше. Біреуді алдау, жасырып-жабу мүмкін емес.

Сондықтан қандай бұйым жасасаң да, тереңдете зерттеп, мән-мағынасына ой жүгіртіп барып жасасаң, тапсырыс берген адамның көңілінен дөп шығасың. Сол үшін де ең бірінші кезекте әдемі етіп дизайн жасап шығарамын, ал әрмен қарай балаларым мен жұбайым көмектесіп, қолдау жасайды. Қажетті деген материалдар мен шикізатты әр жерден сатып алып, дизайнына қарай түрлі әшекей бұйымдар жасап сатқанымызға, мінеки, үш жылдай уақыт болыпты.

Ал дизайнға келер болсақ, көбіне сұранысқа байланысты. Мысалы, шекелік, шашбаулар әлі де құнын жойған жоқ. Сондай-ақ алқа, сырға, білезік тағы басқа бәрі де сұранысқа байланысты. Ондағы салынатын өрнектер көбіне ұлттық нақышта болады да, негізгі қолданылатын материалы – мельхиор, күміске ұқсайды. Қазақша айтқанда – ақ болат. Мәселен, музей сөресінде тұрған бұрынғы құнды жәдігерлер де, қазіргі өнер саласындағы барша әшекей заттар да осы ақ болаттан жасалған.

– Бір әшекей бұйымды жасау үрдісі қалай жүреді? Қандай материалдар мен ұлттық ою-өрнектерді қолданасыз?

– Енді мысалға алқаның жасалу үрдісіне тоқталар болсақ, бұл бұйым кешенді түрде жасалады. Оған алқа, сырға, білезік пен жүзік бірге жасалады. Ең бірінші көз тартарлық әсем болуы үшін дизайны таңдалады. Мұнда көбінесе бұрынғы көне теңгелер бейнесіндегі әшекейлер үлкен сұранысқа ие. Себебі бұрынғы ата дәстүрімізде шашбауға да, шолпыға да теңгелер таққан емес пе?!.. Ол теңгелердің бетіндегі өрнектері де бірыңғай ұқсас болуы тиіс. Сондықтан да ою-өрнекке ерекше мән беріледі. Әсіресе сатып алушылар арасында көп қолданылатыны – теңге. Себебі оның бетіндегі белгісіз таңбаларға қызығушылық көп.

Мен өзімнің жеке пайдам үшін жасамаймын және эстетикалық жағы мен сапалы болуына көп мән беремін. Сатып алған материалдар мен шикізаттың алдымен адам денсаулығына зияны жоқтығын зерттеп барып, содан кейін ғана жұмысқа кірісемін. Ал биылғы жұрттың сұранысында қазақтың қошқармүйіз оюлары мен «қарлығаш» өрнегі көп сұранысқа ие болып тұр. Қазір сауданың, бизнестің дамыған заманы ғой, сондықтан да әшекей бұйымдарға қажетті материалдар мен шикізатты Алматыда осы кәсіппен айналысатын арнайы орындардағы адамдардан килограмдап немесе талдап сатып аламыз.

– Дайын болған әшекейлерді қайда сатасыз? Ауыл тұрғындары мен қала халқының сұранысында қандай айырмашылықтар бар?

– Әшекей бұйымдарды бос уақытымызда жыл бойы отбасымызбен отырып жасаймыз. Әсіресе қыс кезінде кеш ұзақ қой, сол уақытты өнімді пайдаланамыз. Мысалы, бір «шекеліктің» бес түрлі дизайнын шығарсам, сол заттың әрқайсысынан 10-15 талдан жасаймыз. Онда тек «шекелік» қана емес – алқа, сырға, шашбау тағы басқа кешенді түрде толықтырылып жасалады. Сөйтіп, жасалып дайын болған әшекей бұйымдарымызды сол ақпан айының ортасынан бастап, наурыздың 22-сіне дейін сатылымға шығарамыз. Ал қалай 23 наурыз болады, бітті – біздің сауда тоқтайды.

Енді бұл жерде ауыл, қала халқы деп бөлуге болмайды. Бәрі де жақсы, әсемделген әшекей затты тағып, тұтынғысы келеді. Бірақ түбі сол қаржы мәселесіне келіп тіреледі ғой.

– Қазіргі жастар ұлттық әшекейлерге қызыға ма? Көбіне қандай бұйымдарға тапсырыс береді?

– Әрине, қазіргі жастарымыздың арасында ұлттық әшекей бұйымдарға деген сұраныс өте жоғары. Заманауи сәнді кім жақсы көрмейді, бәрі де қызығады. Менің тағы бір қызығушылығымды арттырған нәрсе – миллиондаған жылдар бойы жер қыртысында түзілген табиғи асыл тастар. Міне, осы әшекей жасауда соларды тиімді пайдалану да менің жұмысқа деген құлшынысымды арттырды десем, артық айтқандық емес. Және олардың адам ағзасына энергетикалық, медициналық қасиетінің пайдасы туралы да өз тарапымнан зерттеулер жүргізіп барып, кеңінен пайдалануға көштім.

Егер атап айтар болсам, сондай 35-40 түрлі тастарды осы әшекей бұйымдарда қолданамын. Мысалы, гауһартас, цитрин, жолбарыстың көзі, тибет моншақтары тағы басқа да көптеген түрлері бар. Ал солардың ішіндегі «ана сүті» деген тас бала көтермеген жас аналардың денсаулығына өте пайдалы болса, жаңағы «жолбарыстың көзі», «цитрин» тастары байлықтың көзі деп есептеледі. Тибет моншақтарының ерекшелігі – 1, 2, 3, 4 көзді болады. Мұндағы 2 саны жұптық өмірді білдірсе, 4 саны төрт құбылаң түгел болсын деген мән-мағынаны меңзейді. Обсидиан тасы – тіл мен көз тигенді қайтарады. Өстіп өзімше зерттеулер жасап барып, осы қасиетті тастардан да әсем бұйымдар жасаудамын. Соңғы үш айда сұраныс өте көп түсті.

– Соңғы жылдары қазақы, тарихи нақыштағы әшекейлерге сұраныс артты ма? Адамдар әсемдік бұйымдарды сән үшін ала ма, әлде оның рухани мәніне көңіл бөле ме?

– Қазіргі таңда этнобұйымдар қайтадан мода болып жатыр емес пе. Көбінесе гүлді, оюлы, теңге, қарлығаш, тағаның суреті бар сырғаларды жақсы көреді. Сонымен қатар қазақтың ұлттық оюы бар классикалық төртбұрышты үлгідегі сырғаларға да сұраныс көп.

Негізі Коко Шанельдің: «Дизайн мен сәнді білген адамдар әртүрлі әшекей тағады, ал сәнді білмейтін адамдар бір алтынын тағады да жүре береді», – деген сөзі бар. Бірақ өкінішке қарай, көп адам жоғарыда айтылғандардың мәнін, мағынасын жете түсіне бермейді, талғам да орта деңгейде.

– Ілебалық секілді көне қалалардан табылған тарихи әшекей бұйымдарды қайта жасап, қалпына келтіру мүмкін бе? Ондай көне жәдігерлерді қайта жаңғырту үшін қандай зерттеулер мен шеберлік қажет?

– Енді қайта өңдеу, көне заттарды қайта қалпына келтіру жағдайына келсек, көбінесе кәрі апалар үйлерінде жылдар бойы жатып қалған, үзілген, майырылған коралл тастарынан, таза ақ күміс пен тау кристалы, гауһартастан жасалған моншақтары мен тағы басқа да әсемдік заттарын маған әкеледі. Мен жуып-тазалап, өңдеп, қайта қалпына келтіріп, тура зауыттан шыққандай етіп жасап беремін. Сондай-ақ менің өзім жасаған әшекей фурнитураларым латунь металынан жасалады. Сырт түсі сары алтын сияқты, 18 карат алтынның қоспасы бар. Адам денесіне, құлаққа аллергиялық зияны жоқ.

– Көне әшекейлердегі өрнек, пішін, символдардың мәніне қаншалықты назар аударасыз? Тарихи мұраны сақтауда зергерлердің рөлі қандай деп ойлайсыз?

– Енді халық сенім артып, құнды дүниесін тапсырып тұрғандықтан, ондай кез келген жұмысқа өте үлкен жауапкершілікпен кірісемін. Сондықтан мен ондай заттарды тек жаңартып қана қоймай, оның түпнұсқалығына, әдемілігіне де мұқият мән беремін. Қосымша түрлі өрнектер мен дизайнына назар аударып, жаңаша рең беруге де тырысамын. Және де көне заттардағы ескі ою-өрнектер мен түрлі геометриялық пішіндерге, символикалық ерекшелігіне міндетті түрде үлкен мән беремін.

Жалпы қазір сауданың қолжетімділігі, сапасыз арзан дайын тауарлардың тез сатылып, таралуына байланысты халықтың көбі сапалы, түпнұсқа құнды заттардың құнын, бағасын онша зер салып бағамдай бермейді. Сол үшін де түсінген адамдар келеді, сатып алады.

Иә, зергер болған жақсы, қолдан өнер келген жақсы, бірақ қоғам тарапынан ешқандай да қолдау жоқ. Екіншіден, конкуренттің зияны да бар. Неге десеңіз, мына Қытайдың арзан жылтырақ заттары қаптап кеткендіктен, орта буын мен жастарымыздың көбі сол арзанқол дүниеге ауып кетеді емес пе?!.. Себебі жылтырауық, мән мен мағынадан жұрдай және де сапасы төмен, сонымен қатар денсаулыққа да айтарлықтай зиянды болса да, бағасы қолжетімді.

– Бүгінгі қолөнершілерге қандай қолдау жетіспейді? Ұлттық зергерлік өнерді дамыту үшін не істеу керек деп санайсыз?

– Жалпы қазіргі уақытта жұмыссыз отырған жас аналар мен жасөспірімдер арасында осы қолөнер кәсібіне деген қызығушылық та, үйренсем деген ниет те жоқ десем болады. Мысалы, мен осы өнермен айналысқалы да біршама жыл болды, бірақ өкінішке қарай, бірде-бір «маған үйретіңізші» деген жанды кездестірмедім. Бәрі тек дайын дүниеге ғана үйір.

Ал қолдау дегеніңіз мүлде жоқ. Мысалы, бір ғимаратты жалдап, осы зергерлікпен тереңдеп айналысайын десең, оның арендасы удай қымбат. Одан қалды Қытайдың арзан әшекейлері келсе болды, көз майыңды тауысып жасаған сенің асыл затыңды ешкім де алмайды.

Содан кейін, мәселен, жасаған әшекейлеріңді көрсетейін деп көрмеге баратын болсаң, жол қаражаты, көлік жалдау, жатын орын, ішер асың тағы басқа шығыны шекеңнен шығады. Ешқандай пайда да, үкімет тарапынан қолдау да жоқ. Сондықтан бір-екі барған соң, ондай жерлерге бармайтын да болдық.

Естідік, басқа облыстарда «Анаға тағзым» деген орталықтар бар екен. Ол жерде жастарды осындай істерге баулып, үйретеді екен. Егер де маған да сондай мүмкіндік жасаса, мен де көптеген шәкірт тәрбиелеген болар едім. Себебі ертеңгі күні біздер де қартаямыз, өмірден де өтерміз. Ең өкініштісі – осы зергерлік өнер бізбен бірге кетіп, жоқ болып жойылатын түрі бар. Жарайды, маған ештеңенің де керегі жоқ. Тек қана мына жастарға үйрет деп жағдай жасаса, соның өзі үлкен олжа болар еді.

Ал енді осындай ұлттық өнерді дамыту үшін, әрине, әкімшілік тарапынан қолдау қажет-ақ. Сөйтіп мүмкіндік жасаса, осындай ұлттық өнеріміз өлмей, жан-жақты дамитын еді. Алысқа бармай-ақ айтар мысалым, Астана қаласында Ырза Тұрсынзада, Гүлістан атты шеберлерге үкімет тарапынан мол мүмкіндік жасалған. Олардың жасағанын мен де жасаймын, тек қолдау көрсетілетін болса, ұлттық өнерді дамытумен қатар шәкірт те тәрбиелеймін. Елім үшін, келешек ұрпақтың өнерлі болуымен ұлттық өнеріміздің жан-жақты гүлденуіне барынша қызмет етуге әрдайым мен өз тарапымнан қашан болса да дайынмын.

– Ұлттық өнерді ұлықтаған ісіңіз ілгері баса берсін деп тілейміз.

Сұхбаттасқан – Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ

Алдыңғы мақала

«Таза Қазақстан»: в Жетісу около 5 тысяч воспитанников детсадов приняли участие в посадке деревьев и цветов

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

Азаматтық істерді сотқа тапсыру тәртібі

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР

Ас беру мәдениеті жайлы не білеміз?

Ас беру мәдениеті жайлы не білеміз?

6 Наурыз, 2023
3.9k
Халық өз таңдауын жасауға қол жеткізді

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ

10 Наурыз, 2023
1.5k
Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

15 Желтоқсан, 2022
1k
Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

19 Қараша, 2022
949
Бала деген бір бақыт

Бала деген бір бақыт

22 Қазан, 2022
806
Топыраққа тұншыққан тарих

Топыраққа тұншыққан тарих

4 Қараша, 2022
803
Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

28 Қазан, 2022
785
Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

20 Сәуір, 2022
662
Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

22 Қазан, 2022
640
Халықаралық GDA компаниясы 100 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

Халықаралық GDA компаниясы 100 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

23 Сәуір, 2024
552

БІЗ ТУРАЛЫ

Jaraina.kz

Газет Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 13.09.2018 ж. тіркеліп, №17270-Г куәлігі берілген.

ПОРТАЛ ТӘРТІБІ

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

БАЙЛАНЫС

E-mail: jar-aina@mail.ru
Телефон: +7 (777) 971 57 67
Мекен-жайымыз: ҚР, Жетісу облысы, Жаркент қаласы, Е.Сыпатаев көшесі, 242 үй, 14-пәтер

РЕДАКЦИЯ

  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс

© 2026 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы

© 2026 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.