Энтеровирустық инфекциялар – көбінесе жазда және күздің басында таралатын вирустық аурулар тобы. Қоздырғыштар адам ағзасына лас қол, су, тамақ немесе ауырған адаммен тығыз байланыста болған кезде таралады.
Энтеровирустар ыстық ауа райында, ластанған су айдындарында, бассейндерде және субұрқақтарда шомылған кезде, сондай-ақ балалар ұжымдарында белсенді таралады.
Ыстық ауа-райының басталуымен көптеген тұрғындардың, әсіресе балалардың, шомылуға, сергуге деген ұмтылысы күшейеді және көбісі мұны субұрқақтардың көмегімен жасайды, кей кездерде одан су ішетіні байқалады. Субұрқақтар шомылуға және ішуге емес, эстетикалық мақсаттарға арналған.
Субұрқақта шомылу зиянсыз болып көрінуі мүмкін, әсіресе аптап ыстықта, бірақ бұл денсаулық үшін өте қауіпті. Субұрқақтағы су әдетте шомылуға арналмаған. Ол жабық жүйеде айналып жүреді және ұзақ уақыт ауыстырылмауы мүмкін. Субұрқақтарда бассейндегідей су сүзу, тазарту және залалсыздандыру жүйесі қарастырылмаған.
Суда бактериялар мен вирустар болуы мүмкін. Мысалы, ішек инфекциялары, «А» вирусты гепатиті, серозды менингит, энтеровирустық инфекциялар және тері ауруларының қоздырғыштары кездеседі. Сонымен қатар суды тазартуға арналған химиялық заттар теріні, көзді және тыныс алу жолдарын тітіркендіруі мүмкін.
Сонымен қатар суық тию немесе күн өту туралы ұмытпаңыз. Сондай-ақ, субұрқақ плиткаларында сырғып кетуге болады. Субұрқақтарда шомылуды ұнататындарды күтетін тағы бір қауіп – құбырлар, сорғылар мен шамдар. Олар әртүрлі ауыр жарақаттардың себебі болуы мүмкін. Сонымен қатар, ток соғуы мүмкін. Балаларға субұрқақтарда шомылуға рұқсат бермеңіз. Балаларды осындай жерлерге демалуға жібергенде, оның салдары туралы ойланыңыз.
Ауырып қалмас үшін келесі ережелерді сақтау қажет:
- ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды қолдану;
- әр тамақ алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолыңызды сабынмен жуу, жеке және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң сақтау;
- жемістер мен көкөністерді жемес бұрын оларды щеткамен мұқият жуу, содан кейін қайнаған сумен шаю;
- түшкіру және жөтелу кезінде қолыңызбен, майлықпен, орамалмен жабу, жаз мезгілінде шомылу үшін рұқсат етілген демалыс орындарын, бассейндер мен аквапарктерді таңдау;
- сырқаттанушылықтың жоғарылау кезеңінде бассейндерге, аквапарктерге барудан және ашық су айдындарында шомылудан бас тарту;
- жеке тұлғалардан және сауда үшін белгіленбеген орындардан азық-түлік сатып алмау.
Білу маңызды! Энтеровирустық инфекциялар – жазда ең кең тараған маусымдық қауіптердің бірі. Қарапайым санитарлық ережелерді сақтау инфекцияның қаупін едәуір төмендетуге және балалар мен ересектердің денсаулығын қорғауға көмектеседі.
Асхат Чарапиев,
Жетісу облысы СЭБД басшысы.










