Вирустық гепатит «А» – ластанған тағамды немесе суды тұтыну нәтижесінде немесе науқас адаммен тікелей байланыста болғанда, лас қолдар арқылы жұғатын бауырдың вирустық ауруы.
А гепатитінің инкубациялық кезеңінің ұзақтығы әдетте 14-28 күнді құрайды.
Белгілері:
- дене температурасының жоғарылауы;
- жайсыздық;
- тәбеттің төмендеуі;
- диарея;
- жүрек айнуы;
- іштің ауыруы;
- зәр түсінің қоюлануы;
- терінің және склераның сарғаюы.
Вирустық гепатит «А» жұқпасына күз-қыс айларындағы маусымдылық тән, бірақ жаз айларында ыстық мезгілде су тұтыну күрт жоғарылағанда тұрғындардың сапасыз ауыз суын пайдалануы орын алады.
Күзде ұйымдастырылған ұжымдар арасында (мектеп, мектеп – интернаттары, балабақша) науқас адам болған жерде жұқпа еніп, жұқпаның тез және кеңінен таралуына мүмкіндік пайда болады.
Жетісу облысында 2026 жылдың 4 айында қорытынды нақтамамен вирусық «А» гепатитінің 4 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 2 (50%). Өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық 3,8 есеге төмендеген. 2026 жылдың 4 айында 327 мектептердің ішінде 2 мектеп зақымдалды (0,6%), науқастанған оқушылар – 2. Мектептерде 3 және одан жоғары жағдайлар тіркелген жоқ.
Вирустық «А» гепатитін төмендетудің негізгі және тиімді шараларының бірі — иммундау. Қазіргі уақытта облыста вирустық «А» гепатитіне қарсы 2 жастағы балалар (ВГА1+ВГА2 — 2026ж. 4 айда – 6948) және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша ошақта қарым — қатынаста болған балалар (ВГА1+ВГА2 — 2026ж. 4 айда – 48) иммундаумен қамтылуда.
Вирустық А гепатитінің алдын алу:
- жеке бас тазалығын сақтау, дәретханадан кейін, сырттан келгенде, тамақ ішер алдында қолды сабындап жуу;
- белгісіз су көздерінен суды тұтынбау;
тазалығы күмәнді суаттарда суға түспеу;
- қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;
- міндетті түрде жеміс-жидектерді, көкөністерді таза сумен мұқият жуу;
- бейберекет сауда орындарынан азық-түлікті сатып алмау;
- үй-жайларда, дәретханаларда тазалықты қамтамасыз ету.
Асхат Чарапиев,
Жетісу облысы СЭБД басшысы.










