Жуырда Панфилов аудандық прокуратурасының үйлестіруімен аудан аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мереке күндері тұрғындардың тыныштығы мен қоғамдық тәртіптің сақталуын басты назарға алған шараға уәкілетті органдардың қызметкерлері бірлесіп қатысты.
Рейдтік жұмыстардың негізгі мақсаты – жол-көлік құқық бұзушылықтарының алдын алу, қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылау, сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүру деректерін анықтау болды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алуға, азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға да оң ықпал етуде.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарының маңызын кеңінен насихаттады. Сонымен қатар жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп, ата-аналарға бала тәрбиесіндегі жауапкершілік жөнінде ескертулер айтылды.
Айта кету керек, құқық бұзушылық профилактикасы саласында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңды мүдделерін сақтау, құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, олардың алдын алу – «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңның негізгі бағыттарының бірі. Осыған сәйкес өткізілген мұндай шаралар қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Рейд барысында бірқатар құқық бұзушылықтар анықталып, тиісті түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге аса бермек.
Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Сондықтан заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау әрбір азаматтың басты парызы болып қала береді.
Б.СЕРІКБАЕВ










