Жас ұрпақтың бойына табиғатқа деген сүйіспеншілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Парктер шеруі – 2026» экологиялық акциясы аясында Жетісу облысы Панфилов ауданындағы «Қожбанбет би атындағы орта мектеп» КММ-нің 40 оқушысы белсенділік танытып, тағылымы мол іс-шараға қатысты.
Акцияның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіру және экологиялық білімдерін кеңейту. Осыған орай оқушылар үшін табиғат пен танымды ұштастырған ерекше экскурсия ұйымдастырылып, олар Алтын-Емел ұлттық паркінің «Жетісу әлемі» визит-орталығына саяхат жасады.
Танымдық экскурсия барысында оқушылар ұлттық парктің табиғи байлықтарымен, сирек кездесетін жануарлар және өсімдіктер дүниесімен жақынырақ танысты. Сонымен қатар парк мамандары қоршаған ортаны қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында арнайы дәріс өткізіп, табиғаттың адам өміріндегі маңызы жайында кеңінен әңгімеледі.
Шара барысында оқушылар туған өлкенің табиғи мұрасын танып-біліп қана қоймай, экология мәселесіне бейжай қарамаудың маңызын терең түсінді. Әсіресе, қоршаған ортаны таза ұстау, жасыл желекті қорғау, табиғат байлығын келер ұрпаққа аман жеткізу секілді құндылықтар кеңінен насихатталды.
Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жас буынның табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, олардың бойында экологиялық сауаттылық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырары анық. Табиғатты қорғау – тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ парызы екені де оқушылар санасына сіңірілді.
«Парктер шеруі – 2026» акциясы аясындағы бұл экскурсия оқушылар үшін әсерлі әрі пайдалы таным сабағына айналып, олардың экологиялық білім көкжиегін кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді.
Бейбіт НАЗАР










