Жетісу өңірінің қасиетті топырағында, Жаркент қаласында дүниеге келген Қанатұлы Нұрберген — туған елдің тұғырын биіктетіп, шекара шебінде абыройлы қызмет атқарып жүрген жас жауынгерлердің бірі. 2005 жылдың көктемінде өмірге келген Нұрберген бала күнінен ерлік пен отаншылдық рухында тәрбиеленіп, шекарадағы жауынгерлік өмірдің маңызын әкесінің өнегесі арқылы сіңіріп өсті. Оның әкесі де кезінде Зайсан шекара отрядының сапында, 1993-1995 жылдары Отан алдындағы борышын адал өтеп, ұлына шынайы патриотизмнің үлгісін көрсете білді.
Қанатұлы Нұрберген 2025 жылдың 6 наурызында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына шақырылып, бүгінде Жетісу облысы бойынша департаменттің Алакөл ауданы басқармасына қарасты шекара бөлімшесінде жауынгерлік міндетін жауапкершілікпен атқаруда. Арнайы орта білім алып, Емдеу ісі мамандығы бойынша оқуын сәтті аяқтаған ол әскерге дейін аудандық емханада төрт ай медицина қызметкері ретінде елге қызмет етті. Бұл тәжірибе оны төтенше жағдайларда батыл әрі салмақты шешім қабылдай білетін мықты маман ретінде шыңдады.
Жас жауынгердің бойынан отансүйгіштік, адалдық пен жауапкершілік қасиеттері айқын көрінеді. Ол шекарадағы күнделікті қызметінде өз міндетін мінсіз орындап, қарулас жолдастарының құрметіне бөленуде. Нұрберген — тек әскери қызметші ғана емес, сонымен қатар өнерлі, ел рухын көтерген азамат. Ол аудандық және облыстық деңгейдегі ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдегері атанып, туған жерінің намысын қорғаған.
Үйінің жалғыз ұлы бола тұра, Нұрберген өз борышын адал атқаруды азаматтық парызы деп біледі. Оның бойындағы қажыр-қайрат пен елге деген сүйіспеншілік әр ісінен, әр қадамы мен сөзінен аңғарылады. Қанатұлы Нұрберген — бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық жауынгер. Ол Отан шебін күзетуді үлкен мәртебе санап, бейбіт өмірдің қалқанына айналып отыр.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша депаратаменті










