«Жетісу облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Панфилов филиалында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Рәміздер – егемендігіміздің белгісі» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.
Шараға филиал қызметкерлері, Қазақстанның Заңгерлер және Журналистер одақтарының мүшесі, белгілі заңгер Бекмұхамет Сәлімұлы қатысты.
Қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалған сәтте ерекше патриоттық сезіммен оны жанды дауыста орындады. Жиында сөз сөйлеген Бекмұхамет Сәлімұлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің шығу тарихына тоқталып, оларды құрметтеу мен мән-маңызын жас ұрпақтың санасына сіңіру отбасынан басталып, білім беру ұйымдарында кеңінен насихатталуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану тәртібі жөнінде түсіндіріп, оларды заң талаптарына сай пайдаланбаған немесе қорлаған жеке және заңды тұлғалардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Сонымен қатар ол «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық заңы мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін реттейтін негізгі құқықтық құжат екенін жеткізді.
Шараны жүргізуші мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызы туралы қысқаша түсіндірме беріп, олардың ерекшеліктерімен қатысушыларды жан-жақты таныстырды.
Іс-шараның келесі бөлімінде Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұранның шығу тарихы мен ерекшеліктеріне арналған сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Мекеме қызметкерлері қойылған сұрақтардың барлығына кідірместен дұрыс жауап берді.
Маңызды басқосу барысында Мемлекеттік рәміздердің мемлекеттің символдық бейнесі ғана емес, сонымен қатар азаматтардың патриоттық және отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыратын маңызды ұлттық құндылық екені кеңінен насихатталды.
Маржан НҰРҒАЛИЕВА










