Биылғы «қаралы қаңтардан» кейін Ұлытау өңірінде өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Келмеске кеткен Кеңес одағы ыдырар шақта 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Бұл тарихи күн еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы», – деп аталмыш күннің маңызын атап өткен болатын.
Осы орайда Парламент Президент сөзін заң жүзінде бекітті. Президенттің әділетті мемлекет құзырына жататын қоғамның әр саласына саяси-реформалар жасауы екінші Республика құрудағы қуатты қадамы деп білемін.
Өз басым қазіргі ел Президентінің суперпрезиденттікті жойып, ендігі болатын Президенттерінің бір мерзімдік жеті жылға сайланады деген тұжырымын дұрыс шешім деп санаймын. Бұл дегеніңіз тамырын тереңге жіберіп, сыбайлас жемқорлық жайлаған жүйеде өздерін «олигарх» санайтын, әлі күнге дейін алшаңдай басып, қарапайым халыққа шекесінен қарап, тіпті мемлекет тілін қажетсінбестен билікті өз меншігіндей көріп, өз мүдделерін жүргізіп отырған үркердей топқа мемлекет басшысының тегеурінді тосқауылы деп түсінемін.
Енді кезекте биыл 25 қазанды ұлттық мереке ретінде аталып өту кезінде ел санасын оята отырып, өткен тарихымызды да түгендеуіміз керек деп ойлаймын. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы декларация негізінде Қазақстан егемен ел, өз ұстанымы бар мемлекет ретінде таныла бастады. Еліміздің территориялық тұтастығын, егемендігін саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектеуге декларация мұрындық болды. Сондай-ақ тәуелсіздігімізге тұғыр болған да осы декларация екенін естен шығармайық. Сондықтан да 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке болып саналған, кейін белгісіз себептермен мемлекеттік мерекелер тізімінен сызылып тасталған 25 қазан – Республика күнінің біз үшін қашан да маңызы зор.
Мереке құтты болсын, жерлестер!
Сұлтанғазы ҚОҚАБИ