Елімізде соңғы жылдары жүргізілген конституциялық реформалар Қазақстанның саяси жүйесіне елеулі өзгерістер әкелді. Сол өзгерістердің ең маңыздысының бірі – бірпалаталы Парламенттің құрылып, Құрылтай институтының енгізілуі. Бұл – мемлекеттік басқару құрылымындағы кезекті өзгеріс қана емес, қоғам мен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған қадам.
Алда өтетін Құрылтай сайлауы осы реформалардың өміршеңдігін айқындайтын алғашқы саяси сынақ болмақ. Өйткені кез келген өзгерістің шынайы нәтижесі заңда емес, оның халықтың күнделікті өміріне қаншалықты әсер ете алғанымен өлшенеді.
Қоғам бүгінде заңның көп қабылдануын емес, сапалы қабылдануын күтеді. Себебі әрбір заң азаматтың тұрмысына, кәсіпкердің жұмысына, ауылдың дамуына, жастардың болашағына немесе әлеуметтік мәселелердің шешілуіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан жаңа заң шығарушы органның басты міндеті – заң санын көбейту емес, елдің нақты сұранысына жауап бере алатын құқықтық шешімдер қабылдау.
Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – өңірлердің үнін күшейтуге мүмкіндік беруінде. Қазақстанның әр облысының, әр ауданының, тіпті әр ауылының өз мәселесі бар. Бір өңірде ауызсу тапшы болса, екінші өңірде жолдың сапасы, үшіншісінде жұмыс орындарының жетіспеуі немесе экологиялық ахуал алаңдатады. Осындай ерекшеліктер заң шығару кезінде ескерілмесе, қабылданған шешімдердің тиімділігі де төмендейді.
Сондықтан Құрылтай тек Астанадағы пікірталас алаңы болып қалмай, елдің түкпір-түкпіріндегі халықтың мұң-мұқтажын мемлекеттік деңгейге жеткізетін институтқа айналуы тиіс. Өңірден көтерілген мәселе ұлттық күн тәртібіне айналғанда ғана реформалардың нақты нәтижесі сезіледі.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тиімді парламент ең алдымен қоғаммен тұрақты байланыс орната алған орган ретінде бағаланады. Депутаттың жұмысы тек заң қабылдаумен немесе парламент мінберінде сөйлеумен шектелмеуі керек. Ол халықпен тұрақты кездесіп, олардың мәселесін тыңдап, ұсыныстарын заңнамалық бастамаға айналдыра алғанда ғана өз миссиясын орындайды.
Бүгінде азаматтардың да талабы өзгерді. Олар депутаттың қанша ұсыныс айтқанынан гөрі, қанша мәселені шешкеніне қарай бағалайды. Саяси популизмнің уақыты өтті. Сондықтан жаңа саяси мәдениет ашықтық пен есептілікті талап етеді. Әрбір депутат қандай заң жобасын ұсынғанын, қандай өзгерістерге бастамашы болғанын, берген уәдесінің қаншасын орындағанын халыққа тұрақты түрде жариялап отыруы қажет.
Сонымен қатар қоғамның заң шығару үдерісіне қатысу мүмкіндігі бұрынғыдан кең болуы маңызды. Заң жобалары тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ғалымдардың, кәсіпкерлердің, қоғамдық ұйымдардың, салалық мамандардың және қарапайым азаматтардың пікірін ескере отырып әзірленгенде ғана өміршең болады. Бұл – заңның сапасын арттыратын негізгі шарттардың бірі.

Заманауи технологиялардың дамуы да заң шығару мәдениетіне жаңа талап қойып отыр. Бүгінде үлкен деректерді талдау, сараптамалық жүйелер мен жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы заңдардың ықтимал әлеуметтік немесе экономикалық салдарын алдын ала бағалауға мүмкіндік бар. Мұндай тәсіл қателіктерді азайтып, қабылданатын шешімдердің ғылыми негізді болуына ықпал етеді. Дегенмен қандай технология қолданылса да, кез келген реформаның түпкі өлшемі – халықтың сенімі. Сенім заңмен бекітілмейді, ол әділ шешім, ашық жұмыс және нақты нәтижемен қалыптасады.
Алдағы Құрылтай сайлауы – жай ғана депутаттарды сайлау емес. Бұл – еліміздің қандай саяси мәдениет қалыптастырғысы келетінін көрсететін маңызды кезең. Егер сайлаушылар бағдарламаларға мән беріп, партиялар қоғамның нақты мәселесін көтеріп, ал сайланған депутаттар халық аманатын жауапкершілікпен атқара алса, жаңа заң шығарушы орган ел дамуының тиімді тетігіне айналары сөзсіз.
Құрылтайдың болашағы оның атауымен немесе жаңа құрылымымен емес, қабылдайтын заңдарының сапасымен, өңірлердің мәселесін қаншалықты шеше алуымен және халық алдындағы жауапкершілігімен бағаланатын болады. Себебі кез келген саяси реформаның ең басты мақсаты халықтың өмір сапасын жақсарту.
Д.НАЗАР,
«Жаркент айнасы»










