23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – Қазақстанның саяси жүйесіндегі маңызды белестердің бірі. Бұл сайлаудың ерекшелігі – азаматтар жаңартылған Конституциялық модель бойынша жұмыс істейтін Құрылтайдың алғашқы құрамын сайлайды. Сондықтан бұл науқанды тек депутаттарды таңдау үдерісі ретінде емес, елдің заң шығару жүйесінің жаңа кезеңге өтуінің бастауы ретінде қарастыруға болады.
Кез келген мемлекеттің дамуы оның саяси институттарының заман талабына қаншалықты бейімделе алуымен өлшенеді. Қоғам өзгерген сайын мемлекеттік басқару жүйесі де жаңарып отырады. Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың негізгі мақсаты да – мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру, заң шығару үдерісін жетілдіру және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейту.
Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтайдың құрылуы – заң шығару билігінің жаңа моделіне көшу. Бұл өзгеріс бұрынғы тәжірибені жоққа шығару емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған қадам ретінде бағаланады.
Жаңа жүйеден қандай нәтиже күтіледі? Ең алдымен, заң жобаларын қарау үдерісінің тиімділігі артып, қоғамдағы өзекті мәселелерге жедел ден қою мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен бірге қабылданған шешімдер үшін саяси жауапкершілік те нақтырақ айқындалады. Бұл мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін күшейтуге ықпал етуі тиіс.
Дегенмен кез келген реформаның табысы тек құрылымдық өзгерістерге ғана байланысты емес. Оның нақты нәтижесі заң шығару сапасымен, депутаттардың кәсібилігімен, қоғам пікірінің қаншалықты ескерілетінімен және қабылданған заңдардың халықтың өміріне оң ықпал етуімен өлшенеді.
Қарапайым азамат үшін бұл өзгерістер нені білдіреді? Ең алдымен, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын заңнамалық алаңның жаңа қағидаттармен жұмыс істеуін білдіреді. Білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және басқа да маңызды салалардағы заңнамалық бастамалардың сапасы азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
Сондықтан Құрылтайдың жұмысы халықтың сұранысына негізделген, өміршең заңдар қабылдауға бағытталуы маңызды. Заң шығару үдерісінде қоғамдық пікірдің ескерілуі, ашық талқылаудың қалыптасуы және депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігінің артуы – жаңа модельдің басты қағидаттарының бірі болуы тиіс.
Осы ретте сайлауға қатысу – тек конституциялық құқық қана емес, азаматтық жауапкершілік. Өйткені халықтың белсенділігі жаңа институттың қоғамдық қолдауын күшейтіп, оның тиімді жұмыс істеуіне негіз қалайды. Әрбір дауыс елдің заң шығару жүйесінің қалыптасуына, мемлекеттік шешімдердің сапасына және қоғамның алдағы даму бағытына өзіндік ықпал етеді.
Құрылтай сайлауының маңызы да осында. Бұл – өткенді жоққа шығаратын емес, мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесін заман талабына бейімдеуге бағытталған жаңа кезеңнің бастауы. Ал оның қаншалықты нәтижелі болатыны қабылданатын заңдардың сапасына, халықтың белсенділігіне және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімнің нығаюына байланысты болады.
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
«Жаркент айнасы»










