Жуырда Жаркент қаласындағы «Арайлым» спорт кешенінде белгілі шахматшы Мәлік Жолдасовтың мерейтойына арналған аудандық шахмат турнирі жоғары деңгейде өтті. Бәсі биік додаға ауданның «сен тұр, мен атайын» деген мықты шахматшылары қатысып, жазиралы Жаркент өңірінің әр елді мекенінен келген 17 спорт саңлағы бақ сынады. Жарыс уақыт талабына сай өткізіліп, оның ережелері мен талаптарының қатаң сақталуын ұйымдастырушылар мен төрешілер жіті бақылап отырды.
Турнирдің басты мақсаты – спорттың бұқаралық сипатын насихаттау және ауданның ардақты азаматы, «Спорт ардагері», «Ұлы Дала патриоты» төсбелгісінің иегері, белгілі шахматшы Мәлік Есенұлы Жолдасовтың 75 жас мерейтойын атап өту болды.
Мәлік Есенұлы 1951 жылдың 1 мамырында Сарыбел ауылында дүниеге келген. Сарыбел және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептерде білім алып, 1968 жылы мектепті тәмамдаған. 1969-1971 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып келген соң, шаруашылық саласында жемісті еңбек етті.
1974-1988 жылдары Еңбек Қызыл Ту орденді «Қазанның 40 жылдығы» ұжымшарында дене шынықтыру және спорт комитетінің әдіскері, Сарыбел ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметтерін атқарды. Өндірістен қол үзбей Көксу ауылшаруашылық техникумын және Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін ойдағыдай тәмамдады.
1992-1999 жылдары Сарыбел өндірістік ауылшаруашылық кооперативі кәсіподақ ұйымының төрағасы болса, 2001-2014 жылдары «Өсім» шаруа қожалығының басшысы ретінде еңбек етті.
2014 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан Мәлік Есенұлы тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы мәслихат сайлауында халық қалаулысы атанып, Панфилов аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. 1998 жылы Астана қаласында өткен республикалық съездің делегаты болды.
Мерекелік шараны мерейтой иесінің ұлы, талантты жас асаба Қуандық Мәлікұлы жүргізді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының салтанатты түрде орындалуымен басталып, мерейтой иесі турнирді ақ батасымен ашты.
Шара барысында «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің Алматы және Жетісу облыстары бойынша төрағасы, Жетісу облысы мен Жаркент қаласының шахмат федерациясының президенті, белгілі меценат әрі спорт жанашыры Нұрлан Сайтханов, Жаркент қаласы Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Бекмұхамет Серікбаев, «Бейбітшілік әлемі» ХҚТБ-нің Алматы және Жетісу облыстары бойынша Ақсақалдар алқасының төрағасы Ташимжан Мамляков, Жаркент қаласындағы «Арслан» шахмат клубының директоры Сәйпидин Мансуров, мерейтой иесінің бауыры Төлеген Есенов және Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов сөз сөйлеп, бұқаралық спорттың қоғамдағы маңызы мен Мәлік Есенұлының өнегелі өмір жолы туралы тағылымды пікірлерін білдірді.
Жарыстың өтуіне ұйытқы болып, демеушілік жасаған Нұрлан Сайтханов Мәлік Есенұлының спорт пен мәдениет саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, оған «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Бейбітшілік әлемі» алтын медалін, Нұрманова Меруерт (Әбен) Әбдімәліқызының «Ақ тұмар» кітабын және бірлестіктің Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыс етті. Сонымен қатар, Жаркент қаласының әкімі А.Исаевтың Құттықтау хаты, аудандық Ардагерлер ұйымы төрағасы Т.Керімқұловтың Құттықтау хаты мен Үлкенағаш ауылдық округі әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Мәлік Есенұлының елге сіңірген еңбегі мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан лайықты бағаланған. Ол аудан әкімінің, аудандық «AMANAT» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталған. 2022 жылы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Н.Головацкийдің 110 жылдығына арналған аудандық турнирдің жеңімпазы атанып, ҚР «Қазақ хан батырлары» қоғамы мен «Ұлы Дала патриоты» төсбелгілеріне ие болды.
Жұбайы Рысты Бейсембайқызымен бірге бес бала тәрбиелеп өсіріп, олардың барлығының жоғары білім алып, өмірден өз орындарын табуына жол ашқан. Үлкен қызы Қаракөз мемлекеттік қызметте еңбек етсе, қыздары Дана мен Фариза – табысты кәсіпкерлер. Үміт – жеті баланың анасы, «Алтын алқа» иегері. Ал ұлы Қуандық мәдениет саласының қызметкері ретінде ата-анасының сенімін адал еңбегімен ақтап келеді.
Қызықты әрі тартысты өткен шахмат додасының қорытындысы бойынша Шолақай ауылының тұрғыны Алимжан Теипов І орынды иеленсе, пенжімдік Бауыржан Түргенбаев ІІ орынға, Мусажан Исмаилжанов ІІІ орынға, ал жаркенттік Асымжан Абдурашитов IV орынға ие болды. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен грамоталар табысталды. Сондай-ақ жарысқа қатысқан өзге спортшылар да грамоталармен марапатталды.
Турнирге қатысқан ардагерлердің ішінде Көктал ауылының тұрғыны Рехимжан Якупов – 81 жаста, Аюбжан Худайбердиев – 75 жаста, Ходжахмет Хамраев – 69 жаста екені көпшілікке үлгі болды.
Ел-жұрты қадірлеген абыз ақсақал Мәлік Есенұлы дүбірлі доданы ұйымдастырған, демеушілік көрсеткен және жарысқа қатысқан барша азаматтарға өзінің және отбасы атынан алғысын білдіріп, көпшілікті берекелі дастарханнан дәм татуға шақырды.










