Жуырда Жаркент қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте математика пәнінің майталманы Ақан Төлендиевтің құрметіне арналған аудандық олимпиада жоғары деңгейде өтті. Білім додасына ауданымыздағы 42 мектептен 5-сыныптың талантты оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Олимпиада қатысушыларына 40 минут уақыт беріліп, 10 тапсырма ұсынылды.
Математика – барлық ғылымдардың патшасы әрі адам өмірінің барлық саласына прогрессивті даму әкелетін маңызды пән. Олимпиаданың басты мақсаты – оқушылардың интеллектуалдық қабілетін шыңдау, пәнге деген қызығушылығын арттыру, жас дарындарды қолдау және есімі елге белгілі ұстаз-математик Ақан Төлендиевтің өнегелі өмір жолын ұлықтау болды.
Ақан (Рахман) Төлендіұлы 1929 жылы 7 маусымда қазіргі Жетісу облысы Панфилов ауданындағы қасиетті Әулиеағаш ауылында қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдары оның балалық шағымен тұспа-тұс келді. Әкесі майданға аттанғанда небәрі 13 жастағы Ақан анасымен бірге тылдағы ауыр еңбектің бар салмағын көтеріп, қой бағып, шаруашылықтың түрлі жұмыстарына белсене араласады.
Еңбекпен ерте есейген талапты жас білімге ерекше құштар болды. Үй мен түздің тірлігінен қолы қалт еткен сәтте кітапқа үңіліп, оқуын жетілдіруге бар күшін салған. 1946 жылы Панфилов педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1949 жылы үздік тәмамдаған соң Айдарлы ауылында ұстаздық жолын бастайды.
1950 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге Түркімен Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Ашхабад қаласына аттанады. Жойқын жер сілкінісінен кейінгі қаланы қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысып, елге оралған соң Аққұдық ауылындағы мектепте ұстаздық қызметін жалғастырады.
1954 жылы қазіргі Бөрібай би ауылындағы мектепке ауысып, мұғалім жетіспеушілігіне байланысты екі пәннен қатар сабақ береді. Осы ауылда Нұрбүбі Құрманбекқызымен танысып, шаңырақ көтереді. Анасы Әбу 1957 жылы дүниеден өткен соң туған жері Әулиеағашқа қоныс аударып, қызметтен қол үзбей Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының математика факультетін ойдағыдай бітіреді.
1963 жылы Қоңырөлең орта мектебіне ауысып, 30 жылға жуық ұстаздық қызмет атқарды. 1978-1985 жылдары мектеп директоры әрі Қоңырөлең ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.
Ұстаздың жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақ КСР-інің оқу үздігі» атағымен, «Тылдағы ерен еңбегі үшін» медалімен және көптеген мемлекеттік, қоғамдық марапаттармен наградталған. Оның тәлімін алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосуда. Атап айтқанда, Ә.Ыбыраймолдаев, Е.Келемсейіт, Б.Абдолдаев, Қ.Досмаилов, Е.Шоқпаров, Е.Қожақов сынды азаматтар ұстаз сенімін ақтап жүрген түлектер қатарында.
Бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған, оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге жоғары деңгейде дайындаған ұлағатты ұстаз 2015 жылы 87 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Артында алты перзенті мен жиырма бір немересін, өшпес өнегелі ізін қалдырды.
Салтанатты шараны жүргізген Мөлдір Аманжолқызы олимпиадаға шәкірттерін әкелген ұстаздарға әдістемелік бағыттағы мазмұнды лекция оқып, жарыстың ережелерімен жан-жақты таныстырды.
Шара барысында Панфилов ауданының Құрметті азаматы, ауған соғысының ардагері, Қоңырөлең ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елтай Қожақов, қоғам белсендісі Азамат Әзімбайұлы Байғұттиев, Қазақстанның Заңгерлер және Журналистер одақтарының мүшесі, аудандық «Жаркент айнасы» газетінің бөлім редакторы Бекмұхамет Сәлімұлы және ұстаздың ұрпағы Аманжол Төлендіұлы сөз сөйлеп, математика ғылымының бүгінгі технология мен жасанды интеллект дәуіріндегі маңызына тоқталды.
Сондай-ақ іс-шараға Ақан Төлендіұлымен туыстас, математика пәнінің білікті мұғалімі, бірнеше әдістемелік кітаптың авторы, докторантурада білімін жалғастырып жүрген Әзтай Азаматұлы Азимбаев та қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша:
– І орын және 70 мың теңге сыйлықты Крылов атындағы орта мектептің оқушысы Сағымбай Нұрислам иеленді;
– ІІ орын мен 50 мың теңге сыйлық Д.Рақышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Тұрсынбек Әсерге бұйырды;
– ІІІ орын және 30 мың теңге сыйлықты Абай атындағы орта мектептің оқушысы Құрманғали Шыңғыс жеңіп алды.
Ал 10 мың теңгелік ынталандыру сертификаттары Үлкенағаш орта мектебінің оқушысы Нүсіпалды Әлиханға, Босақов орта мектебінің оқушысы Жұмағұл Раянаға, Уәлиханов орта мектебінің оқушысы Құрманжан Айсұлтанға және Үшарал орта мектебінің оқушысы Нұрмолда Әубәкірге табысталды.
Білім бәсекесін ұйымдастыру ісіне Ақан Төлендіұлының жолын жалғастырып жүрген немересі, Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов жекеменшік мектебінің оқу ісі жөніндегі әдіскері, біліктілігі жоғары мұғалім Мөлдір Аманжолқызы Төленді ұйытқы болды. Олимпиаданың демеушілері – ұлағатты ұстаздың ұрпақтары.
Ал тапсырмаларды әзірлеуге және бас демеушілік жасауға Ақан Төлендіұлымен бір атадан тарайтын жақын туысы, елге танымал азамат Азамат Әзімбайұлы Байғұттиев ерекше үлес қосты.
Білім бәсекесінің көркін Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп оқушыларының өнері аша түсті. Атап айтқанда, Бейсенбек Наяна «Атамекен», Мәулен Нұрислам «Сәйгүлек», Қарақат «Қазақстаным», ал жігіттер тобы «Туған жер» әндерін орындап, кештің мазмұнын байытты.
Олимпиада соңында Ақан Төлендіұлының ұрпақтары барлық қатысушылар мен ұстаздарға алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ










