Жаңа Конституция қабылдау арқылы еліміз өзінің саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, рухани һәм мәдени дамуының алғышарттарын жасады. Сол себепті жаңа Конституция тек заңдық құжат қана емес, ұлттық даму мен елдегі тұрақтылықтың сенімді кепілі екені ақиқат.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-бөлігінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретірнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп атап көрсетілгендіктен Ата заңымыз ең алдымен азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға кепілдік беретін мемлекетіміздегі басты заң болып табылады. Демек Конституция қоғамдағы әділдік пен теңдіктің және «Заң мен тәртіп» қағидасының қоғамда нығаюына қызмет етеді.
1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция өз тарихи миссиясын табысты аяқтап, 2026 жылғы бүкілхалықтық рефрендум нәтижесінде сайлаушылардың 87,15%-ы жаңа Конституция жобасын құптап дауыстарын берді. Отыз жылдық кезеңде бұрынғы Ата Заң елдің егемендігінің нығаюына, жан-жақты дамуымызға және мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықта жоғары саяси беделге ие болуына даңғыл жол ашты. Нәтижесінде елімізде халқымыздың бірлігі мен татулығы, тыныштығы мен берекелі тірлігі салтанат құрып, азаматтарымыздың қауіпсіздігі жоғары деңгейде қорғалуы қамтамасыз етілді.
Жаңа Конституция жобасында уақыт сынынан өткен баптар қалдырыла отырып, тың өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде басты заңның жобасы жалпыхалықтық талқылауға түсті. Халықтың ұсыныс-пікірлері құжатты дайындаған жұмыс тобына жолданып, сарапталды. Билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік сақталып, олардың бірін-бірі бақылау мен шектеу тетіктері жетілдіріліп, күшейтілді. Жаңа Конституцияда «Заң мен тәртіп» қағидаты, Әділ Қазақстан идеясы, табиғатты құрметтеу, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам капиталын, білім беруді, ғылымды, мәдениетті және инновацияны дамытуға басымдық берілген.
Сонымен бірге, дін мен мемлекет арасындағы айырмашылық нақтыланып, тәрбиелеу мен білім беру жүйесінің зайырлы сипаты айқындалды. Ең бастысы «Заң мен тәртіп» қағидатының конституциялық деңгейде бекітілуі кез келген құқық бұзушылыққа қоғам тарапынан «мүлдем төзбеушілік» ұстанымын мемлекетте орнықтыруға игі ықпал ететін болады. Аталған қағидаттың негізі құқықтар мен бостандықтар туралы бөлімге енгізілуі азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін барынша жетілдіруге, негізсіз айыптау қаупіне сенімді тосқауыл қоятынына сенімдіміз. Халықаралық озық құқықтық ұстаным –«Миранда ережесі» Конституцияға енгізілуіне байланысты құқықтық орбитаға тартылған азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауына кең мүмкіндіктер пайда болады.
Тұрақтылықтың кепілі болып саналатын жаңа Конституция тәуелсіз Қазақстан Республикасының дамуы мен өркениетті жаңғыруына және халқымыздың жарқын болашағына, қоғамда әділдік пен заң үстемдігін орнықтыруға жол ашатын, яғни мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын берік қалқан бола алады.
Б.СӘЛІМҰЛЫ










