Президенттің биылғы Жолдауында көтерілген логистика инфрақұрылымын дамыту мәселесі Қазақстанның экономикалық болашағы үшін айрықша маңызға ие. Бұл – еліміздің халықаралық саудадағы орнын нығайтып, транзиттік әлеуетін толық пайдалануға, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс көздерін ашуға мүмкіндік беретін стратегиялық бағыт. Ал осы тұрғыдан алғанда, Қытаймен шекаралас жатқан Панфилов ауданының орны ерекше. Өйткені Жаркент өңірі – ежелгі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты жалғаған тарихи мекен. Бүгінде сол керуен жолының орнын заманауи теміржол желілері, халықаралық автокөлік дәліздері мен ірі логистикалық орталықтар басып, ауданның экономикалық маңызын арттыра түсуде.
Мемлекет басшысы Жолдауда логистика инфрақұрылымын дамытуды елдің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі ретінде атап өтті. Президенттің айтуынша, «Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді». Бұл – жаһандық бәсекеде көлік жолдары мен жүк тасымалының қаншалықты маңызды екенін аңғартатын тұжырым. Қазіргі әлемде тауар өндірудің өзі жеткіліксіз, оны тұтынушыға жылдам әрі тиімді жеткізу де экономикалық табыстың шешуші шарттарының біріне айналды.
Мемлекет басшысы осы бағытта елімізде қолға алынған бірқатар ірі жобаларға тоқталды. Келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылып, Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Ал тамыз айында құрылысы басталған «Арал – Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі маңызын арттырып, транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Президент атап өткендей, қазір әлемдік логистика ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Теңіз жолдарындағы тұрақсыздық құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын күшейтіп отыр. Осындай жағдайда Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Қазақстан үшін тарихи мүмкіндіктің есігі ашылды. Мемлекет басшысы: «Қазақстан іс жүзінде Еуразиядағы жетекші логистикалық орталықтың біріне айналуы үшін осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермеуге тиіс», – деп міндет қойды.
Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл – еліміздің халықаралық транзит жүйесіндегі орнының айқын көрсеткіші. Алайда Президенттің пайымдауынша, қол жеткен жетістікке тоқмейілсуге болмайды. «Барға қанағат етіп, тоқмейілсіп отыру – болашақта көш соңында қалу деген сөз», – деді ол. Сондықтан Қазақстан ендігі жерде халықаралық жүк тасымалы ағындарының жай ғана транзиттік аумағы емес, оны толыққанды ұйымдастырушы елге айналуы керек.
Осы міндетті жүзеге асыруда Панфилов ауданының мүмкіндігі зор. Мұны, ең алдымен, Қытаймен шекаралас жатқан географиялық орналасуы және қалыптасқан көлік-логистика инфрақұрылымы айқындайды. Аудан аумағындағы Алтынкөл теміржол станциясы арқылы Қазақстан мен Қытайдың теміржол желілері түйісіп, екі ел арасындағы жүк тасымалының маңызды арнасына айналған. Қытайға тікелей теміржол қатынасының ашылуы Жетісу өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің халықаралық сауда байланысын кеңейтуге жол ашты.
Бұған қоса, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеп тұрған құрғақ порттың маңызы ерекше. Бұл – Қытайдан келетін және Қазақстан арқылы үшінші елдерге жөнелтілетін жүктерді қабылдап, өңдеп, әрі қарай тасымалдауға мүмкіндік беретін ірі логистикалық нысан. Мұнда Қытайдың 1435 миллиметрлік теміржол табанынан Қазақстан мен ТМД елдерінде қолданылатын 1520 миллиметрлік табанға контейнерлер ауыстырып тиеледі. Осылайша, құрғақ порт Еуразия кеңістігіндегі жүк тасымалының үздіксіз жүруіне қызмет етіп келеді.
Автокөлік тасымалының да орны бөлек. «Нұр жолы» халықаралық шекара өткелі арқылы Қытай мен Қазақстан арасындағы жүк көліктерінің қатынасы жүзеге асырылады. Қорғас бағыты Қытайдан шығатын халықаралық автокөлік жүк тасымалының негізгі арналарының бірі саналады. Кейбір деректерде Қытайдан батысқа бағыт алатын жүк көліктерінің басым бөлігі осы өткел арқылы өтетіні айтылады. Бұл ауданның халықаралық саудадағы стратегиялық маңызын одан әрі арттыра түседі.
Осыны ескерсек, Панфилов ауданын Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстың негізгі күретамырларының бірі деуге толық негіз бар. Бір кездері түйелі керуендер өткен Ұлы Жібек жолының бойында бүгінде жүк пойыздары мен мыңдаған автокөлік қатынап жатыр. Тарихи сауда жолының заманауи сипатта қайта жаңғыруы Жаркент өңіріне жаңа мүмкіндіктер сыйлауда. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауданның көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыру.
Бұл ретте логистика саласын тек жүк өткізу немесе транзиттік тасымалмен шектеуге болмайды. Президент те отандық логистикалық операторларды дамытып, жүктерді шоғырландырумен және бөлумен айналысатын орталықтар құруға баса назар аудару қажеттігін айтты. Сондай-ақ көлік тораптарының айналасынан жаңа өндірістер мен сауда орындарын ашудың маңызын атап өтті. Мұндай қадамдар транзиттен түсетін табысты арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына, өңірлер экономикасының жандануына жол ашады.
Панфилов ауданы үшін де бұл бағыттың берері мол. Құрғақ порт пен халықаралық шекара өткелінің мүмкіндігін пайдалана отырып, қойма шаруашылығын, жүк сақтау және өңдеу қызметтерін, көлік жөндеу, сервистік қызмет көрсету, көтерме сауда салаларын дамытуға болады. Логистикалық инфрақұрылым төңірегінде жаңа кәсіпкерлік нысандарының ашылуы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына да оң ықпал етеді. Яғни халықаралық жүк ағыны аудан аумағы арқылы өтіп қана қоймай, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына да қызмет етуі тиіс.
Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын заманауи теміржол және автокөлік жолдарының тұтас желісін қалыптастыруды стратегиялық міндет ретінде белгіледі. Сонымен бірге еліміздің солтүстік өңірлеріндегі жол инфрақұрылымын жақсарту, «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту, отандық автотасымалдаушыларға қолдау көрсету қажеттігін айтты. Бұл тапсырмалар көлік саласын кешенді дамытудың маңызын көрсетеді. Өйткені халықаралық транзиттің тиімділігі тек шекарадағы өткізу бекеттеріне емес, ел ішіндегі жолдардың сапасы мен өзара байланысына да тікелей тәуелді.
Рас, бүгінгі бәсекелестік жағдайында әрбір ел өзінің географиялық орналасуын экономикалық артықшылыққа айналдыруға ұмтылуда. Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі орны, ал Панфилов ауданының Қытаймен шектесіп, ежелгі Жібек жолының бойында орналасуы – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Сондықтан тоғыз жолдың торабында тұрған ауданның транзиттік әлеуетін толық пайдалану, қолданыстағы инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа логистикалық жобаларды жүзеге асыру – уақыт талабы.
Ұлы Жібек жолы кезінде Жаркент өңірінің даңқын алысқа жайса, бүгінгі теміржол, автокөлік дәліздері мен құрғақ порт сол тарихи миссияны жаңа деңгейде жалғастырып келеді. Ендеше, ежелден Шығыс пен Батысты жалғаған Жаркент жері алдағы уақытта да халықаралық сауда мен логистиканың маңызды орталықтарының бірі болуға тиіс. Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру осы бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейтіп, ауданның экономикалық дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
Мырза МАНАП










