Жаркент орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары Талды ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында табиғат қорғау саласындағы заң талаптары түсіндіріліп, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Тянь-Шань қоңыр аюын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар бұл жануардың сирек кездесетін әрі мемлекет қорғауындағы аң түрі екенін атап өтті.
Шара барысында шаруа қожалықтарының иелеріне Тянь-Шань қоңыр аюын аулауға, оны табиғи мекен ету ортасынан басқа жерге көшіруге, сондай-ақ жануарға қандай да бір зиян келтіретін әрекеттер жасауға заң жүзінде қатаң тыйым салынатыны ескертілді.
Сонымен қатар, табиғи тепе-теңдікті сақтау мен биоалуантүрлілікті қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті екені айтылып, жабайы жануарлар мекендейтін аумақтарда сақтық шараларын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу соңында қатысушылар табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, қоршаған ортаны сақтауға жауапкершілікпен қарауға шақырылды.










