Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында аграрлық секторды дамыту мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Әсіресе ауыл шаруашылығындағы қордаланған түйткілдерге тоқталып, жер мәселесін әділ шешу, жерді тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерін қолдау және агросаланы жаңа деңгейге көтеру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығына тың серпін беріп, елдегі шаруалардың еңсесін көтерген маңызды қадамдардың біріне айналды.
Президент Жолдауында «Жер – халықтың басты байлығы» екені ерекше атап өтілді. Осыған байланысты пайдаланылмай жатқан немесе мақсатсыз игерілген жерлерді мемлекетке қайтару мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл – әділеттілікті орнатуға бағытталған маңызды шешімдердің бірі болды. Өйткені жердің қадірін білетін, оны игеріп, ел игілігіне жаратып отырған нағыз еңбек адамдары қашанда қолдауға лайық.
Бүгінде Панфилов ауданы шаруалары Президент Жолдауында айтылған қолдауды нақты сезініп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар көлемі артып, жеңілдетілген несиелер мен түрлі қолдау тетіктері іске асырылуда. Соның нәтижесінде ауданда егін және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің қатары көбейіп, ауыл еңбеккерлерінің жұмысын жандандыруға мүмкіндік туып отыр.
Әсіресе жерді тиімді пайдалану мәселесіне басымдық беріліп келеді. Бұрын бос жатқан немесе игерілмеген жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, нақты жұмыс істейтін шаруаларға беріле бастады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, ауылдағы экономикалық белсенділікті күшейтуге ықпал етуде.
Дегенмен қазіргі таңда агросалада шешімін күткен мәселелер де аз емес. Соның ең өзектілерінің бірі – топырақтың тозуы мен жер құнарлылығының төмендеуі. Бұл жағдай ауыл шаруашылығын тек дәстүрлі тәсілмен емес, ғылыммен ұштастыра отырып дамыту қажеттігін аңғартады.
Бүгінде климаттың өзгеруі, су тапшылығы, жердің эрозияға ұшырауы секілді мәселелер шаруаларға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан ауыл шаруашылығында ғылыми негізделген әдістерді енгізу – уақыт талабы. Атап айтқанда, тамшылатып суару технологиясын кеңінен қолдану, жердің агрохимиялық құрамын зерттеу, ауыспалы егіс жүйесін сақтау, сапалы тұқым пайдалану және заманауи техникаларды енгізу агросаланың тиімділігін арттыратын негізгі бағыттардың бірі болмақ.
Ғылым мен тәжірибені ұштастыру арқылы ғана жердің құнарын сақтап, мол өнім алуға болады. Бұл бағытта аграрлық ғылым өкілдері мен шаруалардың өзара байланысын күшейту аса маңызды. Өйткені жер – атадан қалған аманат қана емес, келер ұрпаққа табысталатын ұлттық байлық.
Президент Жолдауында көтерілген бастамалар ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық қадамдар екені анық. Ендігі міндет – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, агросаланы ғылыммен ұштастыра отырып дамыту. Сонда ғана ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналып, ауыл еңбеккерлерінің еңбегі еселене түспек.
Әлен ЖОЛДАСОВ,
«Қамқорлық» ЖШС директоры










