Панфилов аудандық кітапханасында Жетісу топырағынан түлеп ұшқан, есімі елге мәшһүр айтыскер ақын, сыршыл сазгер, дүлдүл әнші Жандарбек Бегімбетовтың туғанына 60 жыл толуына орай «Жалындап өткен жыр ғұмыр» атты еске алу кеші өтті. Оған Жандарбек ақынның анасы Шәкен апамыз бен бауырлары Ғани және Жанатбек Бегімбетовтер қатысты.
Жиында 28 жасында кісі қолынан ажал құшқан ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтылып, сөздеріне жазылған әндерін аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Нұржан Батбақбаев тамылжыта орындады. Ал, әнші Қайрат Қыдырмаевтың орындауындағы Кенен Әзірбаевтың «Басты өлең» атты әні көпшілік қауымның жүрегінен ерекше орын алды.
Сондай-ақ шара барысында аудандық кітапхананың кітапханашылары Жандарбек ақынға арналған арнау өлеңдерді мәнерлеп оқып, көптің көзіне еріксіз жас ұялатты.
Ақынның анасы Шәкен апа Жандарбектің ерекше қасиеттеріне тоқталып өтті. 1 жасында жүріп, 2 жасында ән айтқанын айтып сағынышпен еске алды.
Бүгінде Жандарбектің ізін жалғаушы, өшпес үміті ұлы Олжасы болса, ақ тілеулі анасы мен бауырлары және немерелері бар. Олар да өнерден алыс емес. Олай дейтініміз Әкімбек Інжу Ғаниқызы облыста өткен «Жетісу жұлдыздары» байқауында жүлделі орындарға ие болып, ел мақтанышы атануда. Шара барысында ол «Ақ көгершін» әнін орындаса, Жандарбектің бауыры Жанатбек Бегімбетов қазақтың қара домбырасымен «Жалғыз аққу» әнін орындап берді.
Кеш соңында кітапхана директоры Дария Бекжігітқызы ақынның шығармашылығын кейінгі ұрпаққа насихаттай келген меймандарға ақжарма тілегін айтып, естелік сыйлықтары мен гүл шоқтарын табыс етті.
«Ақынның хаты, жақсының аты өлмейді» демекші Жандарбек ақынның жалынды жырлары мен отты өлеңдері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ғасырлар төрінде орнықты орын алады деп сенеміз!
Ақниет ТҰРҒАНОВА