Қазіргі уақытта бағасы қолжетімді әрі дайындалуы жеңіл синтетикалық есірткі құрсауына шырмалғандардың басым бөлігі жастар болып отырғандығы қоғамды алаңдатуда. Мемлекетіміздің болашағы саналатын жастарды есірткі сияқты ғасыр дертінен сақтау қазіргі күні еліміздегі өзекті мәселеге айналғаны ақиқат.
Ресми статистикаға сенсек, Жетісу облысы бойынша 2026 жылдың бірінші тоқсанында есірткіге қатысты 57 құқықбұзушылық, 28 қылмыс анықталып, құқықбұзушылық 2025 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға, ал қылмыс 16,7%-ға артқан екен. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес күрес жүргізілгеніне қарамастан есірткі қылмысын жасау мен есірткі сатып оңай ақшаға кенелемін деушілер саны артуда. Оңы мен солын танымаған жастардың әсіресе синтетикалық есірткі түрлеріне оңай қол жеткізуі артуда.
Жетісу облыстық полиция департаментінің берген ресми дерегінше, есірткі сатумен айналысатындар негізінен алғанда Telegram әлеуметтік желісін пайдаланады екен. Алдымен тауарға онлайн тапсырыс беріледі. Тапсырыс беруші мен саудагер түрлі әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып, есірткіні қай жерден, қай уақытта алатыны жөніндегі нұсқаулықтармен алмасады. Олар көп жағдайда шетелдерде тіркелген болып шығады.
Адамдарды улап, пайдаға батып жатқандар құтылып, оны жасырушылар мен пайдаланушылардың тұтылып, абақтыны толтырып жататыны ақиқат. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында заңсыз айналымнан алынған есірткінің көлемі 86,3%-ға өсіп, 97 келі 332,36 граммды құраған. 17 мен 30 жас аралығындағы ұсталған 30 азаматтың төртеуі есірткі сатушы екен. Нәтижесінде есірткі қылмысына байланысты 35 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Есірткілерді жеткізу мен өткізуде озық заманауи технология әдістері қолданылғандықтан полиция департаменті «кибербақылау» бағдарламасын қолданумен 817 веб-сайтты, «Аргус» бағдарламасы арқылы 14 850 шетелдік шотты анықтаған, «Антифорд» бағдарламасымен 5 миллион теңгеден астам сомаға 215 банк шот бұғатталған.
Нашақорлық алдымен жастардың қызығушылығынан туындап, кейін ажырамас серігіне айналуы әбден мүмкін. Нашақорлыққа салынған жан отбасынан, ата-ана мен туыстарынан ажырап, денсаулығынан айырылады және қоғамнан оқшаулана бастайды. Бұрынырақта қалалардағы түнгі клубтарда есірткі сату мен пайдалану орын алса, қазіргі уақытта осы кесапат шалғайдағы ауылдарға да жеткені өкінішті һәм ойландыратын жағдай.
Жастарымызды осы кесапаттың тырнағына түсіргіміз келмесе тәрбиені отбасынан бастау керек және осы күреске бүкіл қоғам болып жұдырықтай жұмылған жөн. Онсыз қоғамды қатаң заң мен абақты да есірткі атты кесапаттың тұзағынан толық құтқара алмайды.
Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ










