Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы ең сұрапыл да қасіретті кезеңдердің бірі. Бұл зұлмат жылдар миллиондаған адамның тағдырын өзгертіп, талай шаңыраққа қайғы мен қасірет әкелді. Алайда ел басына күн туған сын сағатта Отан үшін от кешкен ержүрек азаматтардың қайсарлығы мен жанқияр ерлігі халық жадында мәңгі сақталып қалды. Солардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, ел мақтанышы Қожахмет Тышқанбаев.
Қожахмет Тышқанбаев 1916 жылы Алматы облысы, Панфилов ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, елдің қамын ойлап өскен ол қарапайымдылық пен табандылықты бойына сіңіріп ер жетті. Ел басына күн туған шақта қолына қару алып, Отан қорғау жолында майданға аттанды.
1942 жылдың қаңтар айында Қызыл әскер қатарына шақырылып, полктік артиллерия мектебін тәмамдайды. Сол жылдың соңында ВКП(б) қатарына қабылданады. Майдан даласында Қожахмет Тышқанбаев асқан ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Қан майдандағы ауыр шайқастарда ол тек өз өмірін емес, қаруластарының тағдырын да қорғап, жауға қарсы қайсарлықпен күресті.
1943 жылы Қырымдағы Ельтиген ауданында болған кескілескен ұрыста Қожахмет Тышқанбаев танк шабуылына қарсы тұрып, жау техникасын өзіне тым жақын келгенше өткізіп барып, бес танкіні жойған. Бұл – нағыз ерлік пен батырлықтың өшпес үлгісі еді. Алайда осы шайқаста ол ерлікпен қаза тапты.
Оның Отан алдындағы жанқияр ерлігі елеусіз қалған жоқ. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 16 мамырдағы Жарлығымен Қожахмет Тышқанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сонымен қатар ол Ленин орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
«Жеңіс туы желбіре» деген ұран – батыр бабаларымыздың арманы мен асқақ рухының символы. Бұл – тек соғыстағы жеңістің ғана емес, ел бірлігі мен рухының биіктігінің белгісі. Қожахмет Тышқанбаев сынды батырлардың арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт өмір сүріп, тәуелсіз елдің көк туын желбіретіп отыр.
Осы орайда Көктал ауылдық кітапханасының қызметкерлері батыр рухына тағзым ету мақсатында Абай атындағы орта мектеп оқушылары арасында еске алу сағатын ұйымдастырды. Тағылымды шара барысында кітапханашы Гүлмира Рахымжанқызы жасөспірімдерге сұрапыл соғыс жылдарындағы батырлардың ерлігі туралы кеңінен айтып, тарихты білу – өткенге құрмет, ал өткенге тағзым ету – болашаққа деген сенім екенін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында оқушылар батырлардың өмір жолымен танысып, олардың ерлігіне тағзым етті. Сондай-ақ Қожахмет Тышқанбаевтың 110 жылдығы – тек бір адамның мерейтойы ғана емес, бүкіл халықтың батырлық рухын жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиет дарытатын маңызды тарихи кезең екені айтылды.
Қожахмет Тышқанбаевтың өмір жолы – ерлік пен елдіктің өнегелі мектебі. Оның есімі халық жадында мәңгі сақталып, батырлық рухы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Жеңіс туы әрдайым желбіреп, ел қорғаған ерлердің даңқы асқақтай берсін!
Гүлмира ҚАСЕНОВА,
Көктал ауылдық кітапханасының кітапханашысы










