Елімізде өндірістік жерлерді шаруаларға бөліп беру мен оны тиімді пайдалану халықтың қалауымен және депутаттардың сұрауымен реттеле бастады. Соңғы жылдары бұрын оңды-солды үлестірілген ауыл шаруашылық жерлерінің өндірістік айналымға түспей тұрып қалған телімдерін анықтап, оларды нағыз иесіне берудің шаралары заңмен пысықталып, соңғы кезде бұл шарадан нақты нәтижелер көрінді. Бір сөзбен айтқанда ежелден еңбекке, жерге жақын ауыл адамдарына қайтарылған жерлерді әділдікпен қайта бөлу бір арнаға түсті. Бұл іс ауыл шаруашылық өндірісін өркендеткен жазиралы Жаркент өңірінде айтарлықтай жағымды нәтижелер көрсетуде.
Өткен жылы Панфилов ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы аумағы 3237 гектарды құрайтын бұрын пайдаланылмаған 29 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Осы қайтарған жерлерді шаруа қожалығын құру арқылы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөнінде бес мәрте бәсеке өткізіп, жалпы ауданы 14246 гектарды құрайтын 148 жер учаскесі жер пайдаланушыларға берілді. Бұдан тыс инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында жалпы аумағы 261,6 гектар 3 жер учаскесі берілді.
Биылғы жылы да ауыл шаруашылық мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және қайтқан жерлерді айналымға қайта енгізу жұмыстары жалғасуда. Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекет меншігіне 4239,1 гектар жер қайтарылды. Бұл жерлер шаруа қожалықтарына өзара бәсеке арқылы таратылмақшы. Ауданда соңғы үш жылда 76300 гектар жер өз иесін тапты. Бұл бағыттағы жалпы негізгі көрсеткіштер бойынша жоспар артығымен орындалып, жүйелі жалғастырылуда.
Өңірдегі жерді қайта бөлудің нақты талаптарын қалыптастырып отырған аудан басшылары, қайтарылған жерлерді алдымен сол жер учаскесі орналасқан округ тұрғындарына, онда да бірінші кезекте бұрын жер үлесі болмаған шаруаның алуына басымдық беріп келеді. Ондай адам табылмаса, сол округтегі жер аумағын кеңітем деген қожалыққа мүмкіндік жасайды. Болмаған жағдайда көрші қоныс округтердің шаруаларын, басқа да талапкерлерді конкурста қолдайды.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ










