Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама еліміздің барлық өңірінде азаматтық инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
– Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы жылы жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысын бастау қажет. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарын салуға назар аударылмақ. Сонымен қатар барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
– Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын баса айтқым келеді, – деді Президент.
Бұл бастаманың мәні – құрылыс жұмыстарын ірі қалалармен шектемей, аудан орталықтары мен шалғай елді мекендерге дейін жеткізу. Жаңа нысандар салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Мектеп, емхана, спорт кешені, кітапхана мен балаларға арналған оңалту орталықтарының қолжетімді болуы – өңірлердің әлеуметтік дамуы үшін маңызды.
Панфилов ауданы үшін де бұл бағыттың маңызы зор. Аудан орталығы Жаркент қаласымен қатар ауылдық елді мекендердегі жолдарды, әлеуметтік нысандарды және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді. Алдағы кезеңде нақты қандай нысандар салынатыны мен жөнделетіні тиісті жоспарлар мен шешімдерге байланысты болады.
Президент Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғанын атап өтті. Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс бастамасы осы міндетті жүзеге асыруға бағытталып отыр.
Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ,
адвокат, заңгер










