Панфилов ауданы «Бусаков атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ата-аналар мен оқушылардың қатысуымен маңызды жиналыс өтті. Кездесуге Панфилов аудандық полиция бөлімінің ҚҚБ ЮПТ УПИ қызметкерлері, полиция капитандары А.Кельдибекова мен А.Данияр қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиналыс барысында «Заң мен тәртіп» бағыты аясында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен қозғалды. Жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігі түсіндіріліп, тәртіп сақтаудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, оқушыларға заң талаптарын сақтау – жарқын болашақтың кепілі екені түсіндірілді.
Кездесуде «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбына ерекше назар аударылды. Мамандар зиянды әдеттердің адам денсаулығына, өміріне және болашағына тигізер кері әсері жөнінде айтып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Сондай-ақ қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – интернет алаяқтық жайы да талқыланды. Полиция қызметкерлері алаяқтардың түрлі айла-тәсілдері туралы ескертіп, жеке мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау жолдарын түсіндірді. Ата-аналар мен оқушыларға бейтаныс сілтемелерге өтпеу, құпия ақпараттарды жарияламау жөнінде кеңестер берілді.
Жиын барысында «Ұлтаралық достық» тақырыбы қозғалып, татулық пен бірліктің қоғамдағы маңызы айтылды. Әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара сыйластығы мен ынтымағы – ел тұрақтылығының негізі екені атап өтілді.
Сонымен қатар «Балалар жылы» аясында мемлекет тарапынан балаларға жасалып жатқан қолдаулар мен мүмкіндіктер жайында сөз болды. Жаз мезгілінің басталуына байланысты балалар қауіпсіздігі де басты назарда болды. Атап айтқанда, «Шомылу кезіндегі бала қауіпсіздігі», «Ашық терезе қауіпті», «Жол жүру ережелерін сақтау» тақырыптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ата-аналардың бақылауының маңыздылығы ескертілді.
Осындай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жауапкершілік сезімін қалыптастыруға зор ықпал етеді.









