Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында педагогика, мұғалім мәртебесі, жас ұрпақтың сапалы білім алу мәселесіне арнайы тоқталып, білім беру саласындағы өзгерістердің ең алдымен мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керектігін атап көрсетті.
Президенттің айтуынша, оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты қоғамда түрлі пікір айтылып жүр. Енгізілген өзгерістердің нәтижесі мұғалімнің күнделікті жұмысына қаншалықты оң әсер еткенімен өлшенуге тиіс. Егер жаңа талаптар ұстаздың жүктемесін жеңілдетудің орнына көбейтсе, мұндай тәсілге қайта қарау қажет.
«Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Шынында да, цифрландырудың негізгі мақсаты – жұмысты оңтайландырып, адамның уақытын үнемдеу. Ал бұрын қағаз жүзінде жүргізілген есептердің электронды форматқа көшірілуі мұғалімнің міндетін азайтпаса, цифрлық технологияның тиімділігі туралы мәселе туындайды. Сондықтан ұстаздан талап етілетін есептерді қайта қарап, тікелей білім беру үдерісіне қатысы жоқ жұмыстарды қысқарту маңызды.
Президент мұғалімнің қоғам алдындағы басты міндетін де нақты атап өтті.
«Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл – білім беру жүйесіне қойылатын талаптың мәнін айқындайтын тұжырым. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен еңбегінің нәтижесі толтырылған есептердің санымен емес, оқушының алған білімімен, ойлау қабілетімен, адамгершілік қасиеттерімен және өмірге дайындығымен бағалануға тиіс. Ұстазға шәкіртінің бойындағы қабілетті ашуға, оның ізденісіне бағыт беруге мүмкіндік қажет.
Жолдауда мұғалімдердің абырой-беделін қорғау мәселесі де ерекше назарға алынды. Соңғы уақытта мектептерде оқушылардың ұстазға дөрекі сөйлеуі, тіпті күш қолдануы сияқты жағдайлардың кездесетіні алаңдатады. Мұндай оқиғаларда мектеп әкімшілігінің мұғалімге қысым көрсетуі мәселені одан әрі күрделендіреді.
«Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес», – деп атап өтті Президент.
Мұғалімнің беделін қорғау – оның кез келген әрекетін талқылаусыз қолдау деген сөз емес. Керісінше, әрбір жағдайға әділ баға беріп, мәселенің мән-жайын жан-жақты анықтау қажет. Оқушының құқығы да, мұғалімнің ар-намысы мен қауіпсіздігі де бірдей қорғалуға тиіс. Даулы жағдайларды біржақты қарау немесе оқиғаның анық-қанығын білмей тұрып, жауапкершілікті тек бір тарапқа жүктеу әділетті шешімге жеткізбейді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы барлық тараптың жауапкершілігін атап көрсетті.
«Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстауға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Демек, бала тәрбиесі тек мектептің немесе мұғалімнің міндеті емес. Отбасының да жауапкершілігі жоғары. Ата-ана баласына біліммен қатар тәртіпті, үлкенді құрметтеуді, өзгенің еңбегін бағалауды үйретуі керек. Ал мектеп әкімшілігі туындаған мәселелерді әділ шешіп, мұғалімге негізсіз қысым көрсетілмеуін қамтамасыз етуге міндетті.

Президенттің Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін мұғалімдердің күнделікті жұмысындағы артық есептерді қысқарту, цифрлық жүйелерді тиімді пайдалану және педагогтердің құқықтарын қорғау бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Бұл ретте Оқу-ағарту министрлігіне жүктелген жауапкершілік те айрықша.
Ұстаздың беделі жоғары, еңбегі бағалы болған жерде білім сапасын арттыруға да мүмкіндік молаяды. Өйткені мұғалімнің қоғамдағы орны оның жеке басына ғана қатысты емес. Ол – жас ұрпақтың болашағына, елдің интеллектуалдық әлеуетіне тікелей әсер ететін мәселе.
Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмаларының түпкі мәні де осында: мұғалімнің уақытын артық жұмыстан босатып, негізгі міндетіне назар аударуына жағдай жасау, кәсіби абыройын қорғау және мектептегі әрбір тараптың жауапкершілігін арттыру. Ұстазға құрмет көрсетіп, оның еңбегіне лайықты жағдай жасау – сапалы білім мен саналы ұрпақ қалыптастырудың маңызды шарты.
Раушан БАЯКЕЕВА,
Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры.
Панфилов ауданы, Жаркент қаласы










